авто

Переключатель языков

28.04.2022 ж. «Әлем балалар көзімен» атты балалар көрмесі

«Әлем балалар көзімен» атты балалар көрмесі

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде «Бірге жасаймыз» білім беру көркем жоба қатысушыларының «Әлем балалар көзімен» атты балалар көрмесі ашылды.

Көрменің мақсаты: Балалар шығармашылығын насихаттау мен ата-аналар, оқытушылардың өзара қарым-қатынастарын дәріптеу.

Қазақстан-Украина «Бірге жасаймыз» жобасы мен «Сен суретшісің» шеберханасы бірлесе отырып, кескіндеме мектебі ретінде 10 жыл бойы қалалық және аудандық көрмелерге белсенді қатысып қана қоймай, сонымен қатар Қазақстан мен Украинаның белгілі бейнелеу өнері шеберлері оқушылар үшін шығармашылық сабақтар өткізетін көптеген пленэрлерді, шеберлік сабақтарды өткізудің бірден-бір бастаушысы болып табылады.

Қазіргі кезде «Бірге жасаймыз» студиясы өнерге немқұрайлы қарамайтын, өз дарындарының түрлі қырларын шыңдағысы келетін түрлі жастағы адамдарды біріктіре алды. Себебі шығармашылық ұшқынын әрбір адам бойынан табуға болады. Кенеп бетінде сенімді сырғыған қылқалам қимылынан түрлі жолақтар, бояулар мен бейнелер пайда болып, соңында тамаша бір картинаның дүниеге келуін бақылау да бір ғанибет. Күні кеше өнерден алшақ жүргеніңмен бүгін өзіңді кескіндеме өнерінде байқап көрген тіпті де бөлек.  

Мектеп түлектері тек Алматы қаласының ғана емес, сонымен қатар АҚШ, Англия, Австралия және басқа елдердің көркемсурет колледждері мен жоғары оқу орындарының студенттері атанып келеді.

«Әлем балалар көзімен» көрмесі бейнелеу өнерінің барлық түрлерін - сурет, кескіндеме бойынша балалардың академиялық жұмыстарын, түрлі жанрлар мен техникаларда орындалған шығармашылық композицияларды кеңінен ұсынады. Көрмеге 120-дан астам балалар бейнелеу өнері жұмыстары, сондай-ақ әр жылдардағы студенттердің дипломдық жұмыстары қойылады. Есенова Нариманың «Армандар орындалады», Абдулхаликов Алсу «Балерина», Кучербаев Аленнің «Күзгі шеру», Дерябин Элиннің «Теңіз пейзажы» және т. б. жұмыстарын ерекше атап өтуге болады.

«Әлем балалар көзімен» атты балалар шығармашылығы көрмесінің ашылу салтанатына жас суретшілер, олардың педагогтары мен ата-аналары қатысты. Аталмыш көрменің ашылуында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінің директоры – Харипова Рашида Ерімқызы, ҚР бала құқықтары жөніндегі уәкілдің үйлестірушісі Нұртаева Гүлжан Болатбекқызы, «Сен суретшісің» шеберханасының «Бірге жасайық» жобасының жетекшісі - Мертенова Дина құттықтау сөз сөйледі. Сөз сөйлеушілер қатысушыларды көрменің ашылуымен құттықтап, балаларға оқуда, шығармашылықта табыс тіледі. Көрмеге қатысушы балалар барлық жағынан да талантты екендерін көрсетті. Олар тек сурет салумен ғана шектелмей, сонымен қатар ән айтып, би билеп, домбыра мен фортепианода ойнауды жақсы меңгергендерін көрсете алды. Жас суретшілер көрмеге өз жұмыстарын ұсынып қана қоймай, сонымен қатар көрмеге келген қонақтарға өздерінің ән шашуын тарту етті. Сондай-ақ сәнді балалар киімдерінің топтамасы көрсетілді.

Көрме аясында музей педагогика секторының қызметкерлері «Бірге жасайық» жобасының суретші-педагогтарымен бірге бейнелеу өнері бойынша сабақтар өткізді.

«Әлем балалар көзімен» атты балалар көрмесі

«Әлем балалар көзімен» атты балалар көрмесі

 

«Әлем балалар көзімен» атты балалар көрмесі «Әлем балалар көзімен» атты балалар көрмесі

Көрме 2022 жылдың 11 мамырына дейін жалғасады.

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source