авто

Переключатель языков

28.06.2022 ж. «Сырлы аспаптардың сиқырлы үні» жылжымалы көрмесі

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі Ұлттық домбыра күніне орай Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде 2022 жылдың 28 маусым күні сағат 16.00-де музей қорындағы қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптары коллекциясының негізінде «Сырлы аспаптардың сиқырлы үні» жылжымалы көрмесін өткізеді.

«Сырлы аспаптардың сиқырлы үні» жылжымалы көрмесіҚазақ халқының та­рихи-мәдени, әлеуметтік және рухани өмірінде музыка өнерінің орны айрықша. Сан ғасырдан сарқылмай жеткен музы­калық дәстүр ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіліп, халық шығармашылығының ажырамас бөлігіне айналды. Музыкалық мә­дениетіміздің негізін ән-күй, ауызекі дәстүрге не­гіз­делген суырып сал­ма­лық, эпикалық, сон­дай-ақ аспаптық шығармалар құрайды. «Сырлы аспаптардың сиқырлы үні» көрмесі – бірегей қа­зақ мәдениетіне қалт­қы­сыз қызмет еткен өнер майталмандарының көзін­дей болған сырлы аспап­тар­дың сиқырлы үнін жеткізеді.

Көрменің мақсаты: мәдени астанамыз Алматы қаласында орналасқан ҚР Мемлекеттік орталық музей қорында сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырған қазақтың ұлттық дәстүрлі бірегей музыкалық аспаптарымен таныстыру.

Көрмеге қазақ халқының әйгілі әнші-сазгері, ақын Жаяу Мұса Байжанұлының 1955 жылдың мамыр айында музей қорына ұлы Салық тапсырған домбырасы мен ішектері жылқының қылынан жасалған қобызы, қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының жары – Ділда Алшынбайқызының 1978 жылы музей қорына Абайдың шөбересі С.А.Ысқақовтың тапсырған қос ішекті, сүйектелген қалақ домбырасы, қазақ опера өнерінің негізін салушылардың бірі, әйгілі әнші Күләш Жасынқызы Бәйсейітованың анасы тапсырған атаулы домбырасы қойылады. Сонымен қатар, қазақ тарихы мен мә­дениетіндегі шоқтығы биік тұлғалар – Әміре Қа­шаубаев, Манарбек Ержанов, Елу­бай Өмірзақов, Қа­ныш Сәтбаев, Қасым Аман­жолов, Жұбан Мол­дағалиев, Кемел Ақышев, Өз­бекәлі Жәнібеков сынды ғылым, мәде­ниет және өнер майталман­дарының музыкалық аспаптары көрермен назарына ұсынылады.

Сондай-ақ музыкалық аспаптардың ішекті, үрмелі, тілшелі, соқпалы түрлері – жетіген, шертер, қобыз, шаңқобыз, асатаяқ, тұяқ, қоңырау түрлерімен қатар домбыра жасаушы қолөнер шеберлерінің бұйымдары, барлығы 175 жәдігер көрермен назарына ұсынылады.

Өтетін уақыты: 2022 жыл 28 маусым сағ. 16.00

Өтетін орны: ҚР Ұлттық музейі, Нұр-Сұлтан қ-сы, Тәуелсіздік даң-лы, 54

Көрме 2022 жылдың 28 маусым – 13 шілде аралығында өтеді.

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source