19.06.2024 ж. "Әнім қалсын" мәдени-танымдық іс-шарасы
Қазақстан Республикасы мемлекеттік орталық музейінде күміс көмей әнші, композитор, ақын Кенен Әзірбаевтың туғанына 140 жыл толуына орай мәдени іс-шара өтті.
Шараны Орталық музей директорының музейлік менеджмент және маркетинг жөніндегі орынбасары Анна Викторқызы ашып, Кененнің музыкалық мұрасын ары қарай жалғастыруда бүгінгі жас ұрпақтың қосар үлесі зор екенін айтты.
Мәдени іс-шара барысында өнертану ғылымдарының магистрі, дәстүрлі әнші Аманжол Қуанышұлы балаларға дәріс оқып, Кенен Әзірбаевтың өмірі мен шығармашылығына қатысты құнды деректер ұсынды. Сондай-ақ өнер иесінің «Бастау» және «Игигай» әндерін шырқады.
Сонымен қатар, Алматы қаласындағы “Sanat” өнер мектебінің домбырашылар ансамблі өнер көрсетіп, Кенен Әзірбаевтың таңдаулы шығармаларын орындады.
Шараның мақсаты – жас ұрпаққа ақын, композитор Кенен Әзірбаевтың шығармашылығын насихаттап, әндерімен сусындату, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау.
ХІХ ғасырдың аяғында дүниеге келіп, ХХ ғасырда ұлттық рухтың ұлы өнерпазы: жырауы әрі ақыны, жыршысы әрі күйшісі, әншісі әрі композиторы, шежірешісі әрі ірі қоғамдық қайраткері болып танылған Кенен Әзірбаев халқымыздың алтын қорына сан-салалы мол мұра қалдырды.
Ақынның өте мол жазба мұрасы бар. Он дастан, жүзден астам әндері, мыңдаған өлең-жырлары, айтыстары, жеті күйі, басқа да аты аңызға айналған тарихи тұлғалар жайлы жазған құнды мұралары халық игілігіне айналып отыр. Ақынның ән-жырлары баспадан үздіксіз шығып келеді.