авто

Переключатель языков

Құрметті қала тұрғындары мен қонақтары! Қала тұрғындары мен қонақтарының сұранысын ескере отырып ҚР Мемлекеттік орталық музейінің экспозициялық-көрме залдары 2022 жылдың 15 маусымынан 31 тамызын қоса алғанда сағ. 10.00 – 20.00 дейін және аптаның жеті күні демалыссыз жұмыс істейтіндігін хабарлаймыз. Ескерту: әр айдың соңғы дүйсенбісі тазалық күні болуына орай музейдің экспозициялық-көрме залдары жұмыс істемейді.

16.05.2022 ж. «Қазақтың бұлбұлы – Күләш» атты көрме

2022 жылы 16 мамырда, сағат 15.00-де ҚР Мемлекетік Орталық музейінде Қазақтың әйгілі әншісі, қазақ опера өнерінің негізін қалаушылардың бірі, қоғам қайраткері Күләш Жасынқызы Байсейітованың 110 жылдық мерейтойына арналған «Қазақтың бұлбұлы – Күләш» атты көрме ашылады.

afisha-baiseitova110Күләш жастайынын өнер байқауларында әншілік дарынмен көзге түсті. 1930 жылы Қазақтың тұңғыш драма театрының труппасына қабылданды. Күләш сахна өнерінің қыр-сырына қызыға ден қойып, кешікпей-ақ театрдың белді әртістерінің қатарынан көріне бастады. Талантты тұлға Күләш Байсейітова әлемдік классикалық өнерді жедел игеріп, оны ұлттық ортада шеберлікпен дамыта білді. Өзінің қайталанбас дарынымен қазақ операсын аз уақыт ішінде әлемдік деңгейге көтерді. Әсем дауысымен елдің даңқын, халқының мерейін арттырды. Озық мәдениетімізді халықаралық туындылармен байытты. Ол сомдаған қазақ аруларының Қыз Жібек пен Хадиша, Ақжүніс пен Ажар және Сараның қайталанбас бейнелері әлі күнге халықтың жадында. Өзінің бар ғұмырын қазақ өнерін дамытуға арнаған, оның өнерге адалдағы, адамгершілігі мен кәсіби шеберлігі қазақ өнері қайраткерлеріне, барша жас қауымға үлгі өнеге. Қазақ халқы Күләш арқылы дүние жүзінің классикалық операсы мен көптеген халықтардың музыкасын таныды, қазақты да әлемге мәшһүр етті.

Бірінші қазақ операсы «Қыз Жібектің» әуенін    бірінші орындаушылар өздері таңдап, іріктегендер арасында Күләш та болды. Мәскеуде 1936 жылы өткен жастар қазақ өнерінің онкүндігінде Қыз Жібек бейнесін сомдаған Күләш тыңдарман жұртшылықты ғажайып өнерімен таң қалдырды.

Өнер шыңында таң қаларлықтай жетістіктерге жеткен әншінің бұлбұл дауысын жас шағында-ақ мойындап, Күләшқа 24 жасында Кеңес Одағында алғашқылардың қатарында ҚСРО халық әртісі атағы берілді.

Қазақ өнерінің жұлдыздай жарқырап, нұр сәулесін шашқан, сыңғырлаған әсем үні бүкіл тыңдаушының жүрегіне жол тапқан, халқымыздың мақтанышы болған біртуар дарын иесі Күләш Байсейітова 1957 жылдың 6 маусымында Мәскеуге барған сапарында, небары 45 жасында дүниеден өтті.

Айтулы көрмеде ҚР МОМ-нің қорынан алынған әншінің киген концерттік костюмдері, өмірінің әр кезеңінен мағлұмат беретін фотосуреттер, медальдары, ордендері және әшекей бұйымдары т.б жеке заттары қойылады.

Көрменің мақсаты - қазақтың әйгілі әншісі, қазақ опера өнерінің негізін қалаушылардың бірі, қоғам қайраткері Күләш Жасынқызы Байсейітованың өмірі мен шығармашылық мұраларын ҚР МОМ қорында сақталып отырған материалдары негізінде көрсету, әрі дәріптеу.

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source