авто

Переключатель языков

Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік музейінде (DIAEA) Тэджондағы халықаралық өнер алмасу қауымдастығы мен Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ұйымдастыруымен «Жер планетасына тағзым» атты 15-ші халықаралық көрме өтті.

Көрменің мақсаты - халықтар арасындағы өзара мәдени байланыс пен ынтымақтастықты қолдау және нығайту. Бейбітшілік пен тұрақтылықты, табиғат пен қоршаған ортаның сұлулығын насихаттау және әлемдегі табиғи апаттар мен адамның тікелей іс-әрекетінен болған экологиялық апаттарға назар аудару.

Көрменің салтанатты ашылуында ҚР МОМ директоры Рашида Харипова: «Жер планетасына тағзым» атты халықаралық 15-ші көрменің ҚР Мемлекеттік орталық музейінде ашылуы біз үшін зор жетістік деп білеміз. Себебі Орталық музей тек Қазақстанның емес, республика аумағында өмір сүріп жатқан барлық халықтардың тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрі мен тарихын насихаттауға арналған еліміздегі ең ірі мәдени ошақ. Осы көрме музейге келген қала тұрғындары мен қонақтарының және шетелдік туристердің табиғатқа деген сүйіспеншілігін оятып, қоршаған ортаның маңызды проблемаларын терең сезінуіне септігін тигізері анық. Ал халықаралық көрме екі ел арасындағы мәдени байланысты арттырады деп сенемін», - деді.

Сондай-ақ салтанатты шарада Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының Оқу және оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректоры Шәріпбек Ағабайұлы, Тэджондағы халықаралық өнер алмасу қауымдастығының президенті Shim Woond-Taik, демеушілер Park So-Young, Hwang Gil-Yeon сөз алып, көпшілікті көрменің ашылу салтанатымен құттықтады.

Көрмеге кескіндеме, мүсін, графика және аралас техникада орындалған отандық және корейлік әлемге танымал суретшілердің 130 картинасы қойылды. Халықаралық шараға 90-нан астам корейлік суретші атсалысқан болатын. Ал еліміздің атынан қатысқан қылқалам шеберлерінің қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері - Амандос Ақанаев, Жұмақын Қайрамбаев, Әлібай Бапанов, Болат Тұрғынбай, Бауыржан Байділда, Нелли Бубэ, Өмірбек Жұбаниязов сынды танымал суретшілер бар.

Бүгінде екі ел арасындағы мәдени, шығармашылық байланыс қарқынды дамуда. Академия ұстаздары мен магистранттары бірнеше рет Тэджон қаласында өткен халықаралық көрмелерге қатысып, кореялық суретшілер өнер академиясында көрме өткізіп, өзара тәжірибе алмасып келеді. «Жер планетасына тағзым» атты көрме бейнелеу өнері саласындағы заманауи бағыттағы өнер туындыларыларымен өз көрерменін табады деп сенеміз.

Көрме қатысушылары Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы мен ҚР суретшілер одағы, ҚР Көркемсурет академиясының алғыс хаттары және сертификаттарымен мараппатталды.

Көрмеге Оңтүстік Корея, Қазақстанның суретшілері, өнертанушылар, студенттер мен БАҚ өкілдері қатысты.

«Жер планетасына тағзым» атты халықаралық 15-ші көрме 27-ші қыркүйекке дейін жалғасады.

 

ЮНЕСКО-ның Алматыдағы кластерлік бюросы мен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық музейінің ұйымдастыруымен материалдық емес мәдени мұраны қорғау Конвенциясының 20-жылдығына арналған фотокөрме ашылды. Шара аясында атадан балаға аман жеткен әралуан материалдық емес бай мұра көпшілік назарына ұсынылды.

Конвенция шеңберінде жарыққа шығарылған салт-дәстүр, қолөнер мен түрлі рәсімдер, мәдениет айшықтары мен мерекелер жайлы танымдық фотосуреттер мен визуалды әңгімелер ұсынылған шараны ҚР МОМ директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ғалия Теміртон салтанатты түрде ашып, ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраны қорғау Конвенциясының 20 жылдығымен құттықтады. Сондай-ақ ЮНЕСКО кластерлік бюросының Алматыдағы өкілі Айгүл Халафова сөз алып, шараның маңыздылығын былайша түсіндірді: «Біздің фотокөрме мәдениет және мәдени мұраның адамдарды біріктіре алар құдіретін сезінуге, Орта Азияны мекендейтін түрлі ұлттардың салт-дәстүріндегі ұқсастықтарды тануға көмектесеріне сенімдімін», - деді.

Салтанатты шараға ЮНЕСКО Кластерлік бюросының Алматыдағы өкілдері, Музей басшылығы және қала тұрғындары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Материалдық емес мәдени мұраның маңыздылығын ұғып, оның байлығын сақтап қалуға әркім үлес қосуға тиіс.

ҚР Мемлекеттік орталық музейі тарих пен мәдениетті құрметтеп, өнерді сүйетін қауымды музейге келіп, көрмеде ұсынылған бірегей фотосуреттермен танысуға шақырамыз.

Көрме 27-ші қыркүйекке дейін жалғасады.

 

 

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының 30 жылдығына орай ұйымдастырылған «МЫҢЖЫЛДЫҚТАР ТОҒЫСЫНДАҒЫ ӨРКЕНИЕТ» атты көрменің ашылу салтанаты өтті. Аталмыш іс-шара ТҮРКСОЙ-дың 30 жылдығына орай Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отыр.

Түркі елдерінің басын біріктіретін халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының басты мақсаты - түркі халықтарына ортақ материалдық және мәдени ескерткіштерді сақтау, дамыту және болашақ ұрпаққа жеткізу. ТҮРКСОЙ ұйымы өз қызметі арқылы түркі елдері мен халықтарын түркі мәдениеті мен өнерін бірлесіп дамытуға, сондай-ақ тарихи-мәдени мұраны сақтап, насихаттауға жұмылдырып келеді.

Көрмені ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы – Сұлтан Раев пен Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице министрі Ержан Мәлікұлы Еркінбаев және Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет комитетінің төрағасы Арман Әділханұлы Жүдебаев салтанатты түрде ашты.

Шара аясында Нұрбақыт Бөкебаев, Гүлзат Дәуірбаева, Дина Хамзина, Қайрат Мұқанов, Айса Оразхан, Данияр Шәріпов, Ләззат Сағындықова, Рашида Харипова сынды мәдениет және өнер қайраткерлері ТҮРКСОЙ ұйымының мерекелік медалімен марапатталды.

Тарихи және мәдени мұраны сақтау және ілгерілету мақсатында ҚР MОМ ТҮРКСОЙ ұйымымен ұзақ жылдар бойы тығыз байланыс орнатып келеді. Осыған дейін ТҮРІКСОЙ-дың қолдауымен ғылыми және білім беру форумдары (Алматы, 2013, Прага, 2019, Бурса, 2022, Будапешт, 2023), сондай-ақ Стамбулдағы Түркі және Ислам мәдениеті музейінде «Ұлы даланың тарихи-мәдени бейнесі» (2018) атты көрме өткен болатын. ҚР МОМ ұжымы биыл да осы дәстүрден жаңылмай, «Мыңжылдықтар тоғысындағы өркениет» атты көрме ұйымдастырып, әлемдік өркениеттің бастауы болған байтақ даламыздың материалдық мәдениетін айшықтайтын бірегей экспонаттарды көпшілікке ұсынды.

Көрмедегі басты жәдігер – Алматы облысы, Есік қорғанынан табылып, Кемел және Әлішер Ақышевтардың ғылыми жобасы бойынша жаңғыртылған «Алтын адам». Сондай-ақ ерте темір дәуірі яғни сақтар мәдениетіне тән кезеңді қамтитын Алматы қаласынан және оның маңынан табылған бірегей артефактілер, жылқыны алғаш болып қолға үйреткен Ботай қонысының құнды қазыналары мен Орта ғасырлық ұлы «Жібек жолы» бойындағы қалашықтардан табылған тарихи жәдігерлер де көрмеден көрнекті орын алды. Сонымен қатар, қазақтың дәстүрлі мәдениетін айшықтайтын бірегей экспонаттар – ұлттық музыкалық аспаптар, сәндік-қолданбалы өнер туындылары, қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлы, философ, ғалым Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы секілді түркі әлеміне ортақ тұлғалардың қолжазбалары, бейнелеу өнері туындылары, тұрмыстық заттар мен зергерлік бұйымдар, дәстүрлі киім үлгілері, кілем және киізден жасалған заттар т.б ҚР МОМ қорынан алынған 100-ден астам бұйымдар ұсынылды.

Көрме аясында тарихи жәдігерлерді қайта жаңғыртушы реставраторлар да өз жұмыстарын ұсынып, реставрация саласының көпшілік біле бермейтін қыр-сырымен бөлісті.

Көрменің мақсаты: тарихи-мәдени мұраны насихаттау, мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту және түркі мәдениетін халықаралық аренада ілгерілету.

nyurksoi-30 tyurksoi-30
 tyurksoi-30  tyurksoi-30
 tyurksoi-30  tyurksoi-30
 tyurksoi-30  tyurksoi-30
 tyurksoi-30  tyurksoi-30

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейінде Қазақстан Республикасының Конституция күні мерекесіне орай 2023 жылдың 25 тамызы күні «Ұлт мұрасы – руханият өзегі» атты көрменің ашылу салтанаты өтті. Көрменің мақсаты – мәдени құндылықтарды халық игілігіне қайтару бойынша құқық қорғау органдары мен музей тарапы атқарған жұмыс нәтижелерімен қала тұрғындары мен қонақтарын таныстыру. Көрмеге Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің Алматы қаласы Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті мен Экономикалық тергеу департаменті тарапынан мемлекет кірісіне тәркілеген тарихи-мәдени, көркемдік маңызы бар заттар, бейнелеу өнері туындылары мен антикварлық бұйымдар, діни мазмұндағы кітаптар мен сәндік-қолданбалы өнер туындылары алғаш рет қойылды. Шараның ашылу салтанатында ҚР Мемлекеттік орталық муейінің директоры Рашида Ерімқызы және Алматы қаласы Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің бас маманы Абзал Есенғұлұлы арнайы сөз алып, жиналған қауымды Тәуелсіздігіміздің алтын тұғыры Конституция күнімен құттықтады және қайтарылған құндылықтардың музей қоры үшін қаншалықты бағалы екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ мәдени құндылығы бар заттарды музей қорына өткізуге үлес қосқан Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің Алматы қаласы Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті басшысының орынбасары Бауыржан Асқарұлы, Алматы қаласы Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің бас маманы Абзал Есенғұлұлы және Экономикалық тергеу департаментінің подполковнигі, тергеуші Нұрлан Әнуарұлы мен аға тергеуші Гүлнар Самарбекқызы ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралұлының алғыс хатымен марапатталды. Құрметті қала тұрғындары мен қонақтары! Әлемдік өркениеттің асыл жауһарлары қойылған көрмені 14-ші қыркүйекке дейін тамашалай аласыздар!

  

  

Халқымыздың терең тарихынан сыр шертетін «КӨНЕНІҢ КӨЗІ» атты көрменің ашылуы «Музей түні - 2023» акциясындағы кезекті бір ерекше шара болмақ. Мұнда өте сирек ұшырасатын музейлік, антикварлық туындыларды кездестіресіз. Олар: музейдің археология қорындағы б.з.д. V - III ғғ. жататын қанатты тау текелердің мүсіндік бейнелері;, қазан қақпағының теке мүйізі тәрізді құрсауы;,  Ысқақов Төлеген ұстаның  «Нар-көрігі»;,  қазақ ән өнерінің биік тұлғасы Әміре Қашаубаевтың «Айна-трилляжы» ;, Фатима ханшаның қызыл барқыттан тігілген бешпеті;, Тұран жолбарысының терісі секілді т.б аса құнды жәдігерлер. Құрметті, оқырман! Музейге келіңіз! Таным көкжиегіңізді кеңейтіңіз!

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source