ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
МЕМЛЕКЕТТІК ОРТАЛЫҚ МУЗЕЙІ

<<ЭКСПОЗИЦИЯЛАР>>


Жалпы мәлімет | Музей тарихы | Біздің көрсететін қызметтеріміз | Экспозицияларға шолу | Біздің коллекциямыз | Уақытша көрмелер


Бірінші зал экспозициялық екі кешеннен:  палеонтологиялық және археологиялық  кешендерден тұрады. Экспозициялық кеңістікті ұйымдастырудың мұндай принципі адамзаттың нәсілдік-генетикалық және әлеуметтік  тарихының екі іргелі – табиғи және антропогендік  бастауының өзара тәуелділігіне және байланыстылығына негізделіп алынған.

Палеонтологиялық бөлім. Экспозицияларда біздің республикамыздың 300-ден астам тұрғылықты орнының экспонаттары ұсынылған. Қазақстан үшін палеонтология ғылымы өзінің қойнауынан барлық 12 геологиялық дәуірді растайтын дәлелдердің толықтығымен бірегей болып отыр.

Археологиялық экспозиция тас ғасыры, қола дәуірі, ертедегі темір ғасыры, хун-сармат дәуірі, орта  ғасырлар бөлімдерінен тұрады. Экспонаттар залдың  екі  деңгейінде тақырыптық және хронологиялық жүйелілікпен орналасқан.

Экспозицияның бастапқы бөлігінде адамның шығу тегі мен дамуы көрсетілген. Африка, Еуропа және Азия аумақтарынан қазып алынған маймылдар мен ертедегі адамның сүйектерінің қалдықтары олардың эволюциясының негізгі кезеңдерінің нобайын жасауға мүмкіндік берді. Мұнда аса құнды археологиялық олжалардың көшірмелері, оның ішінде Есіктен табылған сақ бекзадасының - әйгілі “Алтын адамның” ғұрыптық  киімі мен қару-жарағы, Қарғалы және Жалаулы көмбелерінен алынған бірегей ежелгі алтын бұйымдар, ежелгі жерлеу орындары, культтік ғимараттар, ортағасырлық сәулет өнері ғимараттарының макеттері, бірегей археологиялық ескерткіштерден құрылған диорамалар түзілген.

Екінші зал экспозициясы ХҮ ғасырдың аяғында жеке мемлекет құрып, көшпелі және жартылай көшпелі тірлік кешкен қазақ халқының дәстүрлі мәдениетінің барша этнографиялық өзіндік болмыс-бітімдерімен өмір салтымен, шаруашылықтарымен таныстырады. Қазақ қоғамының негізгі сипаттары  көрсетілген, көшпелілердің   мәдени дәстүрлерінің  өзіндік    ерекшеліктері туралы бейнелі ұғым беріледі.

Залдың орталық орнын дәстүрлі қазақ мәдениетінің символы - киіз үй алған. Бұл -  даланы мекен етушілердің баспаналарының негізгі түрі. Ол көшпелі өмір салтына  барынша толық сәйкес келеді. Әрбір  экспозициялық кешенде қазақтардың өзіндік мәдени дәстүрлерін көрнекі түсінуге мүмкіндік беретін сирек кездесетін экспонаттар ұсынылған. Залға кіреберістің оң жағында дәстүрлі социумның саяси құрылымына арналған көрме орналасқан. Хан билігінің атрибуттық жәдігерлері (ақшалар, мөрлер, салтанатты рәсім-жоралық костюм)   ұсынылған.

Үшінші зал экспозициясы: «Қазақстанда тұратын халықтардың тарихы мен этнографиясы» және «Қазақстан Ұлы Отан соғысы жылдарында. 1941-1945»  атты екі бөлімнен тұрады. XVII-XVIII ғғ.  бастап Қазақстанның  Ресей  құрамына  кіргеннен  кейін, шаруаларды Украинадан, Белоруссиядан, Ресейден    қоныс аудару  үрдісі  басталды. XIX ғасырда Қазақстанға Қытайдан  ұйғырлар  мен дүнгендар  қоныстандырылды. XX ғасырда социалистік  революция,  ұжымдастыру,  халықтардың жаппай  жер  аударуы  мен репрессияға  ұшырауының,  Ұлы Отан  соғысы  жылдары  көшірілгендердің  келуінің нәтижесінде,  тың  жерлерді  игеру  кезінде республика  шегінен (корейлер, әзербайжандар, немістер, татарлар, өзбектер, және т.б.)  халықтың   көшіп келуі  күрт  өсті.   Осының  нәтижесінде   қазіргі  уақытта  біздің   мемлекетте  100-ден  аса  этникалық  топ  тұрады,  олардың  халық  саны 100   мың  адамнан  асады.  Республикада диаспоралардың   50  мыңнан  кемін     поляктар,   ингуштар, еврейлер,  армяндар  және  т.б. құрайды. Залдың  экспозициясы  келушілерді  осы диаспоралардың тарихы,  мәдениеті, тұрмыс-тіршілігімен  таныстырады. Залдың экспозициялық кешенінің арнайы бөлімі Ұлы Отан соғысы жылдарындағы (1941-1945 жж.) Қазақстан тарихына арналған. Ол: «Тыл -майданға» және «Қазақстандықтар Ұлы Отан соғысы майдандарында» атты екі үлкен бөлімнен  тұрады.

«Тыл - майданға» экспозициясы соғыс жылдарында Қазақстан  аумағында  жұмыс   істеген ғылыми және  мәдени  мекемелердің қызметіне,   экономикаға, халық  шаруашылығына  арналған. Ғылым  мен мәдениетке  арналған  Орталық  орынды, ғалым-геолог Қ.И. Сәтбаевтың  қызметі  туралы    әңгімелейтін  экспонаттар  алады. Экспозицияның  бөлімдерінің   бірі  соғыс  жылдарындағы  рухани «қару» -  әдебиет пен  өнерге  арналған.

«Қазақстандықтар Ұлы  Отан  соғысы  майдандарында» экспозициясы Брест бекінісі, Мәскеуді, Сталинградты, Ленинградты  қорғаушы және Берлин операциясына  қатысушы  қазақстандықтарға   арналған.

Төртінші  залдың  экспозициясы  тәуелсіз  Қазақстанның  тарихына  арналған, мұнда Қазақстан  Республикасының мемлекеттік  рәміздері – Елтаңба,  Ту, Әнұран, ҚР Президентінің Штандарты,  ұлттық  валюта,  мемлекеттік  марапаттар,  сондай-ақ,  біздің  мемлекетіміздің  жаңа  Елордасы – Астана қаласының   қалыптасу  кезеңдерін бейнелейтін экспонаттар  бар. Қазақстанның экономикасы,  білім  беру  жүйесі,  денсаулық  сақтау,  мәдениеті, ғылым және  спорт  ерекше  қызығушылық  тудырады.  Экспозицияның үлкен бөлімі ҚР Бірінші Президенті Н.Ә. Назарбаевқа арналған. Көрмелерде үлкен тарихи құндылығы бар экспонаттар - Елбасының инаугурациялық атрибуттары – халық шебері Д.Т. Сұлтанмұратов арнайы дайындаған  және 1992 жылы қыркүйекте өткен қазақтардың Бүкілдүниежүзілік құрылтайында Президентке сыйлаған шапан, айырқалпақ, белдік көрсетілген. Экспозицияның ерекше бөлімі Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевқа шет елдік мемлекеттердің басшылары мен делегациялары тапсырған сыйлықтарын көрсетеді. Олар Қазақстанның халықаралық қауымдастықта барынша артып келе жатқан беделінің куәсі болып табылады. 1995жылы қабылданған ҚР Конституциясы да осы жерден орын алған. ҚР мемлекеттік марапаттары – «Халық қаһарманы», «Парасат», «Алтын Қыран», «Отан», «Даңқ» және т.б. ордендерге бөлек бөлім арналған. Музейдің «жас буын» экспонаттарына – Қазақстанда шығарылған ақша белгілері, маркалар, қазіргі заманғы тұрмыстық заттар, космонавтиканы дамыту, қоршаған ортаны қорғау бойынша материалдар, Қазақстанның діни конфессиясының тарихы, қазақстандық шеберлердің халықтық-қолданбалы өнер туындылары, өндірістік және ауылшаруашылық өнімдерінің үлгілерін жатқызамыз.

Қазақстан музей  ісінің  тарихында алғаш рет  ҚР Мемлекеттік Орталық музейінде,  біздің  музейіміздің  мәдени-білім беру  және  ғылыми-зерттеу    қызметінің   жаңа   түрі   ретінде,  «Ашық  қор» экспозициялық кешені ұйымдастырылды.  Осының  арқасында  келушілер  қор  коллекцияларының  бұрын  соңды  белгісіз  болған  қазыналарын  көре  алатын  болды. Тақырыптық  негізде  құрылған «Ашық қор»  экспозициясы жаңа  коллекциялық  материалдарды  көрсету  арқылы  мерзімді  түрде   жаңарып  тұрады.

Алтын -  адамзаттың  алғаш   меңгерген  металдардың  бірі.  Жоғары иілімділік, табиғи бекзаттық, әдемі сары түсі оны зергерлік өнердің негізгі материалдарының бірі етті. Тарихтың сонау терең қойнауынан алтыннан жасалған көркемдік бұйымдар  қазіргі біздің заманымызға бүлінбеген күйі сол алғашқы қалпында жетті. Жалаулы  қоймасы. Б.з.д VIII - VIIғғ. 1988 жылы көктемде Алматы облысы, Кеген ауданы, Жалаулы ауылынан мектеп оқушылары  киіз  қаптан 600-ден  астам  алтын  бұйымдар  тапқан. Жалаулы қоймасы  осылайша   ашылған,  одан   табылған  заттар   б.з.д. VIII - VII ғғ.  Жетісуды  мекен  еткен  сақтардың  бай  қиялын,   нәзік  шығармашылық   талғамын  және   аса  биік  өнерін  көрсетеді. Шілікті қорғанының  қазынасы. Б.з.д. VII –VI ғғ. Зайсан ауданы  Шілікті  биік  таулы жазығында б.з.д VIII-III ғғ. Шығыс  Қазақстан облысында   мекендеген  сақтардың «патша обалары»  шоғырланған.   Алғаш  шілікті  қорғанының  қазбаларын қазу  жұмыстары 1946 жылы С.С. Черниковтың   жетекшілік  етуімен, КСРО ҒА Археология  институтының Ленинград  бөлімінің Шығыс-Қазақстан  экспедициясы  жүргізді,  ол содан  кейін 1960 жылы   жалғастырылды.   С.С. Черниковтың № 5 оба  қазбалары  заттары Эрмитажда сақталған,  № 7 оба  қазбаларының  кейбір  заттары  ҚР МОМ  Ашық  қорында   қойылған. Әл-Фараби  атындағы ҚазҰУ Археологиялық экспедициясы Шілікті  2 қорымының № 1 оба қазбаларын қазу  жұмыстарын жүргізді. Шілікті  қорымының  диаметрі 100 метрге   жуық,  биіктігі – 7,9 м. Қорғанның астынан бөрене жапырақтарымен көмкерілген жерасты бөлмесі табылған. Бір  кезде  қоры бай болған,  ерте кезде  тоналған қорымнан алынған  4263 алтын  бұйым қазіргі  кезде ҚР МОМ қорында  сақтаулы. Тарасу алтыны. Б.з.д. VII - VI ғғ. Тарасу  алтынын   З. Самашевтың  жетекшілігімен  Ә.Х. Марғұлан  атындағы  Археология институт экспедициясы  1988ж.  Шығыс Қазақстан облысының Қатон-Қарағай  ауданының Тарасу обасынан    тапқан. Барлық  қазбалар,   соның  ішінде жерленген  адамның  алтыннан   жасалған  заттары:  жыртқыштың  құйылған   мүсіні, конус пішініндегі аспалы екі сырға, теріс  жағында  ілгегі  бар  екі  түйме 2001 жылы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық  музейінің  қорына  тапсырылған. Екінші Покровка қорғанының  алтыны. Б.з.д. V ғ. 1911 жылы  шаруалардың  тонаушылық  қазбаларының  нәтижесінде Орал уезінің Покровка с. (қазіргі кезде  Ақтөбе облысы)  маңында,   Екінші Покровка  қорғанынан  табылған  әшекейлер ежелгі  савроматтардың  зергерлік  өнерінің  тамаша  үлгісі  болып  табылады. Бай  әйел жерленген  орынан  отызға  жуық  алтын  әшекейлер  табылған, олардың  ішінен скиф-сібірлік  «аң»  стилінде  жасалған  бұйымдар   ерекшеленеді. Шірікрабад  зиратынан    (IV – б.ғ. бірінші ғғ.)    және Қылышжар зиратынан (б.з.д. III-I ғғ.)  табылған  алтын ҚР  Археология  иниститутының  Шірікрабад  экспедициясы 2004 -2005ж т.ғ.к  Ж. Қ. Құрманқұловтың  жетекшілігімен  Қызылорда  облысы  аумағындағы  Жаңадария  өзенінің  оң  жағасында  орналасқан  Шірікрабад (№ 1 нысан) кешенінен  тапқан  дүниелер  Арал өңірі  сақтарының  зергерлік  өнерінің үлгісі  деуге болады.  Жерлеу орнынан барлығы 400-ден астам алтын  бұйым  табылды.  Бұлар қалыптау, шыңдау,  кесу, ширатпа тәсілдерімен  жасалған киім әшекейлері. Қарғалы көмбесі. Б.з.д. II - I ғғ. 1939 жылы  Алматы қаласының батысындағы  Қарғалы  шатқалындағы  жартас астынан әйел қабірі  және  300-ден астам алтын  әшекей  табылған. Б.з. д II-I ғғ «аң» стилінен кейін қалыптасқан  безендіру  стиліндегі  қарғалылық  әшекейлер  ежелгі  үйсіндердің  зергерлік  өнерінің  шыңы деуге болады.

«Антропология музейі» экспозициялық кешені –  бір жағынан, қазіргі адамдардың пайда болуы мен жер бетінде таралу үрдісін,екінші жағынан Қазақстанның этно- және нәсілдік-генетикалық тарихын көрсететін артропологиялық және археологиялық бірегей заттарды танытатын Орталық Азиядағы жалғыз музей.

Зал экспозициясы  шартты  үш  бөлікке  бөлінген:

  • біріншісінде эволюциялық даму үрдісінің картасы,сызбанұсқасы, адамзат нәсілі менолардың түрлі тарихи дәуірлердегі таралу жіктемесі, үлкен үш нәсіл өкілдерінің фотосуреттері мен мүсіндері орналастырылған;
  • екінші бөлімде адам эволюциясындағы антропогенез үрдісі мен адамдардың жерді мекендеу кезеңдері көрсетілген. Рельефті панорама ландшафт және алғашқы адамдардың шартты тұрмысынан көрініс береді. Сызбанобайларда – адамдардың арғы тегінің миының дамуы туралы: африкалық австралопитектің, икемді адамның, тік жүретін адамның, ақылды-неандертальдық адам мен қазіргі адам көрсетілген. Қазақстан аумағын мекендеген афарендік австролопитектің (Люси) мүсіндік бюсті,  ежелгі және соңғы архантроптар, неолиттік адам мен осы дәуірге жататын Сунгир адамы адамдардың антропологиялық сипатын береді;
  • үшінші бөлімде андроновтық археологиялық мәдениет (б.з.д. ХVІІ-ІХ ғғ.) ескерткішін танытатын қола дәуірінің ер адамының антропологиялық бюсті, ежелгі темір дәуірінің екі ер адамының антропологиялық қайта жаңғыртпасы, Укок жонынан  “алтайлық ханым” және Берел қорымынан табылған ер адамдар (Шығыс Қазақстан). «Қазақстандық Алтайдың Берел патшалық ерекше тұлғалардың (ерлер мен әйелдер) қорымы» диорамосында осы көмбенің толық көлемді шығармасы берілген. Бұл залдың экспозициясын кешенді антропологиялық зерттеулердің Еуразия халықтары ауқымындағы қазақ халқының этноантропологиялық құрамының қалыптасуының негізгі кезеңдерінің безендірілген нәтижелері тәмамдайды.

2010 ж. 24 мамырда ҚР МОМ-інде «Н.Г. Хлудов залы» атты  жаңа  экспозиция   ашылды.  Онда   көрнекті  орыс  суретшісінің  XIX  ғ. соңы  мен XX ғасырдың  басындағы қазақ  халқының  дәстүрлі өмір тіршілігін көрсететін  шығармалары ұсынылған.  Залда  шебердің 46 жұмысы  мен  суретшінің  жеке   заттары   қойылған (1-3-фотолар). ҚР МОМ-інде Хлудов  жұмыстарының  ең  көп  коллекциясы  бар. Қазіргі  уақытта  музей  қорында   211  туындысы сақталған,  оның  ішінде 117  кескіндеме, 39  қарандашпен, 55 акварельмен салынған  суреттер және   этюдтар мен   суреттері бар 3  альбом  бар.

ҚР МОМ-де  Хлудов  жұмыстарының  коллекциясы  ұзақ  мерзім  ішінде  құрылды.  Бірінші  түсуі 1925 жылға  жатады, осы кезде суретшінің  өзі   коллекциясының   едәуір   бөлігін Жетісу   музейіне   тапсырған, бұл   музейдің   қорлары  кейінен ҚР МОМ құрамына кірген.  Музей суретшінің   коллекциясының  келесі  бір  бөлігін 1929, 1932 жылдары  қазақ  өнерінің      Мәскеудегі  онкүндігінен  кейін  сатып алған.

Н.Г. Хлудов  өз  коллекцияларының  бір  жерде   сақталуын  қалаған,  сондықтан  да  оның  қазасынан   кейін,    шебердің   туыстары   оның  салған нобайларын,  эксиздерін және   альбомдарын  музейге  тапсырған. Орталық Мемлекеттік музейге соңғы берілуі   1944 жылы болды. Н.Г. Хлудовтың  шығармашылығында   туындылар  бірнеше  тақырыптық  топтарға  бөлінеді:

  • пейзаждар («Мұзарт шатқалының асуында», «Қарқара  өзені», «Таулы пейзаж» (8-фото), «Тянь-Шань  тауындағы  көктем» (9-фото), «Таулы  пейзаж» (Медеуге  барар   жолдағы  Алматы шыңы) (10-фото), «Шарқыраты  сарқырамасы», «Үлкен Ақсу  мұздағы»,  «Таулы көл»  және т.б.);
  • жанрлық  («Қазақ  киіз  үйінің  ішкі көрінісі», «Салтанатты көш», «Қаралы көш», «Бәйге», «Тоғыз құмалақ», «Қой  қырқу», «Қалыңдық  алып  қашу» (немесе «Қалыңдық ұрлау» (11-фото), «Қыз алып қашу»), «Түнгі барымта», «Жүн  сабап  жатқан  әйелдер»  және  т.б.);
  • портреттер («Қазақ  әйелінің  портреті», «Қырдағы  мектеп», «Көштен қалған балалар» және  т.б.);
  • иконалық сурет («Соғысты бейнелеу» «Освещение войны», «Великомученица Параскев» және  т.б.);
  • нобайлар, суреттемелер, этюдтар («Әйелдің жатқан бейнесі» «Лежащая женщина», «Пейзаждық суреттеме» , «Орман»  және  т.б.).

Жалпы мәлімет | Музей тарихы | Біздің көрсететін қызметтеріміз | Экспозицияларға шолу | Біздің коллекциямыз | Уақытша көрмелер