2012 жылдың 18 мамырында, сағат 17.00-ден 24.00-ге дейін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі жетінші рет «Музейдегі түн -2012» PR-акциясын өткізеді. Осы жылы акция «Өзгерістер әлеміндегі музейлер. Жаңа рух жаңғырықтары мен шабыт көзі» ұранымен өтеді.
1978 жылдан бері бүкіл әлемнің музей қызметкерлері 18 мамыр күнін өздерінің кәсіби мейрамы ретінде тойлап келеді. Түнгі уақытта музей есіктерін өз келушілеріне алғаш рет Германия музейлері ашты (1997 ж.). Бұл ізгі идеяны Еуропа және Ресейдің барлық музейлері қолдап, іле жалғастырып алып кетті. 2006 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі де алматылықтарға және қала қонақтарына «Музейдегі түн» PR-акциясын өткізіп келеді. Осы уақыттың ішінде акция Алматының мәдени күнтізбесінде жарқын мейрамдардың біріне айналды. Жыл сайын осы күні музейге 6000-нан астам адам келеді.
PR-акцияның мақсаты – келушілердің бойларында музей туралы ғылыми, мәдени-білім беру институты ғана емес, сондай-ақ, халықтың барлық категорияларының кешкі және түнгі қол бос уақыттарын тиімді өткізуге арналған тартымды және көпшілікке кең танымал орын ретінде де ұғым қалыптастыру.
Халықаралық музейлер күні – бұл тек қана тікелей музейлермен байланысы бар адамдардың кәсіби мейрамы ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның мәдени мұрасын сақтау және көпшілікке таныту идеяларына бей-жай қарамайтын жандардың да, МУЗЕЙДІ ерекше мәдени институт ретінде өзіне қымбат және жақын санайтындардың да мейрамы.
Осы кеште музей өз қонақтарына экспозициялық залдарға тегін экскурсиялар, көрмелердің ашылуын, түнгі кинозалды, қолөнершілердің жәрмеңкесін және шеберлік-класстарды, сонымен қатар жарқын лепті, аса қызғылықты концерттік бағдарламаны ұсынады.
Мемлекетік орталық музей осы акцияға қатысуға ШАҚЫРАДЫ: ақпараттық әріптестер, бизнес-құрылымдар, концерттік бағдарламада өнер көрсетуге шығармашылық және музыкалық топтарды, шетел елшіліктері, консульдықтары, ұлттық-мәдени орталықтарды және басқа мәдени мекемелер, Қазақстанның қолөнер-шеберлерін келушілерге шеберлік-класстар көрсетуге және қолөнер жұмыстарының жәрмеңке-көрмесіне.
ҚР Мемлекеттік орталық музейі барлықтарыңызды 18 мамыр күні, сағат 17.00-ден түн жарымға дейін күтеді!
Акцияға қатысу үшін төмендегі телефондарға хабарласыңыздар: 2644650, 2645566 Мәдени-білім жұмысы орталығы.
Жетекшісі Кущенко Анна Викторовна.
ҚАЗІРГІ ӘЛЕМДЕГІ МУЗЕЙ
11 мамырда, сағат 11.00-де Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде (ҚР МОМ)Халықаралық музейлер күніне арналған баспасөз конференциясы өтті. Қазақстан музейлері тарихында алғаш рет Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитеті 2012 жылдың 11-18 мамыр аралығын «Музей аптасы» деп жариялады. Бұл іс-шараға ҚР МОМ өзінің дәстүрге айналған «Музей түні» мәдени-білім беру бағдарламасымен қатысады. Баспасөз конференциясында «Мәдени мұра» Ұлттық стратегиялық жоба аясында жарық көрген ҚР МОМ ғылыми еңбектерінің тұсаукесері өтті.
Осыдан жеті жыл бұрын ҚР МОМ ғылыми-зерттеу мекемесі мәртебесіне ие болуы, ғылыми-зерттеу және қор, сондай-ақ, мәдени-білім жұмыстарын жетілдіру мен және нәтижелі дамытуға жаңа серпін берді. 2005 жылдан бастап музей 15 ғылыми-қолданбалы зерттеулерді табысты ұйымдастырды. Зерттеу нәтижелері жағынан әртүрлі сипаттағы ауқымды еңбектер жарық көрді: іргелі монографиялық зерттеулері, мұрағаттық дереккөздердің жинақтары мен ҚР МОМ коллекцияларының тақырыптық каталогтары, сондай-ақ этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атаулардың бірегей энциклопедиясы және т.б.
«Қолөнер жұмыстары»
2012 жылдың 27 сәуірінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде қолданбалы өнердің белгілі шеберлерінің қатысуымен «Шығармашылық маусым» атты халықаралық көрме ашылады. Орталық Азиядағы ең ірі қолөнер көрмесі болып табылатын оның аясында мынадай екі шара қатар өтеді: қуыршақтар мен Тедди қонжықтарының «Коллекциялық қуыршақтар» II халықаралық салоны және хобби, шығармашылық және қолөнер жұмыстарының «Қолөнер жұмыстары» III халықаралық көрмесі.
Көрмеге Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Германия, Украина және Үндістан елдерінің қолөнер бұйымдарын жасайтын фирмалар мен 300-ден астам шебер қатысады. Көрме аясында «Моншақты ертегі» атты I халықаралық конкурс, қуыршақ жасаушылардың жеке көрмелері мен қалпақтар сән дефилесі өтеді. Сонымен қатар конкурс жеңімпаздары марапатталады.
Шеберлердің қолөнер бұйымдары бүгінгі күндері де өз маңыздылығын жоғалтпай, халық арасында әрқашан да танымал және үлкен сұранысқа ие болып келеді. Олар жоғары сапасымен қатар орындалу мәнері, дара көркемділігімен ерекшеленеді. Қолданбалы өнер шеберлері бұйымдарды дайындауда қазіргі заманғы түрлі материалдар мен өзіндік технологияларды тиімді ұштастыруға ден қояды.
Аталған көрмеде бейнелеу және қолданбалы өнердің әртүрлі жанрлары кеңінен қамтылған. Бұлар қазіргі заман суретші-қуыршақ жасаушыларының авторлық жұмыстары - полимер және тез қататын иілгіш пластиктерден, киізден жасалған өнімдер қойылған, сондайақ, зергерлік бұйымдары, шығыс миниатюрасы, киіз және жібек бұйымдары, кесте, моншақ, қыш және т.б. сыйлықтар мен кәдесый өнімдері ұсынылып отыр.
Көрмеде Қазақстандық дизайнер Балнұр Асанова және Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларының суретші-қуыршақ жасаушыларының қуыршақтары көрсетіледі. Көрмеге келушілер Қазақстанның белгілі тұлғаларының қолымен дайындалған «Жұлдызды қуыршақ» қайырымдылық жобасының бірегей үлгілерімен таныса алады, ал саудадан түскен қаржы «ДОМ» қайырымдылық қорына аударылады.
Барлық тілек білдірушілер сирек кездесетін бұйымдар жасайтын шеберлердің шығармашылығымен танысып қана қоймай, өздерінің достары мен туыстары үшін қызықты бұйымдарын сатып алуға болады.
Көрме бағдарламасында:
27.04.12ж. сағ. 12.00 - ресми ашылуы және конкурс жеңімпаздарын марапаттау. 28.04.12ж. - көрме жұмысы сағ. 9.00-ден18.00-ге дейін. 29.04.12ж.13.00-13.30 -Халықаралық «Pivot Point» шаштараз өнері оқу орталығының Қуыршақтар шоуы. Театрландырылған перфоманс-көрсетілім. Көйлектер, шаш үлгілері, қалпақтар мен қуыршақ-адамдар және т.б.
Сағ. 14.00 – 16.00 аралығында – Билер мектебі:
Viva La Salsa – шеңберлік (классикалық) сальса;
ALV (AfroLatinVibes) сызықтық сальса мектебі кизомба және бачата-руэда туралы таныстырылады;
Nuori мектебі – Африкалық билері;
Қазақстан капуэро федерациясы – сиқырлы саз бен жалынды мәнерге үйлескен Бразилия би.
Тілек білдірушілер африкалық би қозғалыстарының шеберлік-кластарына қатысып, жарқын да, жалынды мәнерлі би әдістерін меңгере алады.
30.04.12ж. көрме жұмысы сағ. 9.00-ден 18.00-ге дейін. Сағ. 18.00-де іс-шараның жабылуы.
Көрме күндері: оқу форумы, тұсаукесерлер, Ресей суретші - қуыршақ жасаушыларының және қолөнер бұйымдарын жасауға арналған фирмаларының MARVY, Creative Hands стендтерінде шебер-кластары көрсетіледі.
ҚР Мемлекеттік Орталық музейінде Халықтың дүлдүл әншісі, қазақ мәдениетінің аса көрнекті қайраткері Күләш Байсейітованың туғанына 100 жыл толуына арналған «Ән патшайымы – Күләш» атты көрме ашылды.
Көрмеде ҚР МОМ-нің қорынан алынған әншінің киген концерттік костюмдері, өмірінің әр кезеңінен мол мағлұмат беретін фотосуреттері, медальдар мен ордендері т.б. жеке заттары қойылады. Сонымен қатар ҚР ОМ Мұрағатынан алынған жеке кешені мен құжаттары және Қазақстан Ұлттық арнасының алтын қорынан алынған әншінің ешкімге ұқсамайтын қайталанбас ғажап дауысы жазылған үнтаспалар, Ахмет, Ғазиза Жұбановтар музейінің қорынан алынған материалдар көрмеге қойылады.
Көрменің салтанатты ашылу шарасына Абай атындағы Мемлекеттік опера және балет театрының,Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер Академиясының, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының, Мемлекеттік «Салтанат» би ансамблінің өнер ұжымдары, К. Байсейітова атындағы Республикалық мамандандырылған мектеп-интернатының өнерпаздары, зерттеуші қайраткерлер, әншінің ұрпағы, өнер адамдары, қала жұртшылығы қатысты.
Көрме 2012 жылдың 22 маусымына дейін жалғасады.
2012 жылдың 30 наурызында Қазақстан Республикасы мемлекеттік Орталық музейінде ҚМЭБИ университетінің мүшелтойына арналған «ҚМЭБИ: 20 жыл жетістіктері» атты фотокөрмесі ашылды.
Көрменің ашылуына арнайы шақырылған халықаралық дипломатиялық ұйымдар, Қазақстан Республикасының үкіметтік құрылымдары, донар-компаниялар және демеуші ұйымдар, мектеп директорлары мен университет ректорларын, ҚМЭБИ-ның профессорлық-оқытушылық және әкімшілік құрамы мен университеттің қамқоршылар кеңесі мүшелері мен танымал түлектерін және ҚМЭБИ студенттер Ассоциация кабинет мүшелерінің салтанатты қабылдаулары өтті.
Алғашқы құттықтау сөзін ҚРМО музейі директорының бірінші орынбасары Б.С. Қақабаев және ҚМЭБИ Президенті доктор Чан Йан Бэнг, ҚМЭБИ атқарушы Директоры доктор Х.Фишер және ҚМЭБИ түлектері.
«ҚМЭБИ: 20 жыл жетістіктері» атты фотокөрмеде ҚМЭБИ тарихының басты кезеңдері және оның 20 жыл ішінде Қазақстан Республикасының дамуына қосқан үлесі, университетінің Орталық Азиядағы батыстық үлгідегі үздік жоғары оқу орны ретінде қалыптасуы мен дамуы жолы туралы мәлімет беретін фотосуреттер қойылған.
Көрме 2012ж. 9 сәуіріне дейін жалғасады.
2012 жылдың 28 наурызында, сағат 16.00-де Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі мен «Ғаламарт» шығармашыл жастар клубы бірлесіп «Дала сазы» атты ұлттық саз аспаптарын жасаушы шеберлердің I Республикалық көрмесін ашады.
Қазақ халқы сонау көне дәуірден бастау алатын өзінің қайталанбас, бірегей қолданбалы өнер туындыларымен, жәдігер бұйымдарымен кең танымал. Осындай хас өнердің бірі – ұлттық музыка аспаптарын жасау. Музыкалық аспаптардың үнінен қазақ ұлтының сыршыл сезімдерін таңғажайып құбылыстармен ұштастыра білгенін байқауға болады. Халқымыздың аса бай музыкалық мұрасы, оның ішінде саз аспаптары бүгінде кәсіби музыка мәдениетінің асыл қорын молайтып, сарқылмас қайнар бұлағына айналып отырғаны баршаға мәлім.
Қазақ халқының ұлттық музыка аспаптарының сиқырлы да сүйкімді, ырғақты үні, тебіреністі тербелістері адамды дүние сырын терең түсінуге, сұлулықты жүрегіңмен нәзік сезінуге жетелеп, жан рақатына бөлейді. Көңілді ырғағымен өмірге қызықтыра, құлшындыра түссе, мұңды сазымен бірер сәтке өткеніңді ойыңа оралтып, сезім күйіне бөлеп, толғандырады. Сондықтанда қанша аспап жасаса да, олар бірінің үнін бірін қайталамаған. Осы құдіретті де қасиетті дыбысты шығару үшін бітімі бөлек, даусы ерек, тұлғасы алуан түрлі музыкалық аспаптар ойлап тапқан. Соның арқасында адам ой-арман, қимыл-қозғалыс, көңіл-күй, нәзік сезім бәрі-бәрін музыкалық дыбыс арқылы бейнелей алатын мүмкіндікке ие болған. Мәселен, адам қолынан шыққан қобыз үнінде мұң, зар басым болса, сыбызғы үнінде қуаныш, шаттық бар. Домбыра байсалды үн шығарса, шертердің дыбысы салтанатты келеді.
Бұл көрмеде «Ғаламарт» шығармашыл жастар клубы алматылықтарға және қала қонақтарына ұлттық музыка аспаптарының сан түрімен және оларды жасаушы жас шеберлермен танысуға мүмкіндік береді.
«Ғаламарт» шығармашыл жастар клубы Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағының жанынан 2010 жылы құрылған. Клубтың негізгі мақсаты – қазақ жастарының шығармашылықпен айналысуына ықпал ету, олардың шығармашылық әлеуетін арттыру, ұлттық қолөнерді жоғары деңгейге көтеру және мүмкіндігі шектеулі дарынды жастарға қолдау көрсету. Клуб ағымдағы жылы ұлттық музыкалық аспаптар жасаушы жас шеберлерлер арасында жарияланған конкурс жеңімпаздарының жұмыстарын көрмеге қоймақшы. Олардың қатарында қазақтың ұлттық аспабы домбыраның түрлері, қобыз, жетіген, шертер, дауылпаз, сазсырнай, зырылдауық және т.б. бар.
Көрмеге конкурс нәтижесінде іріктелген республикамыздың 20 жас шебері қатысады. Мұнда 50-ден астам ұлттық аспаптар қойылады.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі мен «Ғаламарт» шығармашыл жастар клубы дәстүрлі қазақ мәдениетінің таңғажайып әлеміне шақырады!
Көрменің ресми ашылуы: 2012 ж. 28 наурыз, сағат 16-00.
Жұмыс уақыты: 2012 жылдың 28 наурыз - 10 сәуір аралығы, сағат 9.30-дан 17.00-ге дейін.
Байланыс телефондары: ҚР МОМ 264-46-50, 264-55-66. «Ғаламарт» жастар клубы – 393-40-03.
«НАУРЫЗ НАҚЫШТАРЫ»
2012 жылдың 16 наурызында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі көктемгі «Наурыз мейрамына» арналған «НАУРЫЗ НАҚЫШТАРЫ» атты көрмені ашады.Қазақ халқы бастауы сонау көне дәуірге кететін өзінің қайталанбас, бірегей қолданбалы өнер туындыларымен танымал. Халық көркем қолөнер шеберлері қолданбалы өнер дәстүрлерін ұрпақтан ұрпаққа сақтап, мұра етіп қалдыруда. Көрмеде бейнелеу және қолданбалы өнердің түрлі жанрлары кеңінен ұсынылған. Бұл жұмыстар Қазақстанның қазіргі заманғы суретшілерінің авторлық жұмыстары және жеке коллекциялар өнер туындылары – қазақ халқының тарихын, мәдениетін және тұрмысын бейнелейтін гобелен, панно және киіз киімдері, живопись пен мүсін туындылары.
«Лавка древностей» антикварлық салоны алматылықтарға және оңтүстік астана қонақтарына алғаш рет ұлы шебер, қазақтың бейнелеу өнерінің негізін қалаушы Әбілхан Қастеевтің(1904-1973) көпшілікке белгісіз «Шәлкөде жайлауы» (1959) атты жұмысымен танысуға мүмкіндік береді. Көрмеде атақты қазақстандық суретші Аркадий Евгеньевич Горбатовтың (1937-2006) кескіндеме жұмыстарының сериясы ұсынылады.
«Антиквар» салоны көрмеге грузин суретшісі Кандарели Гиви Луарсабовичтің (1933-2006) КСРО Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің (Мәскеу қ.) Қазақстан павильонын безендірген «Жылқыға құрық салу», «Жайлаудағы бақташы», «Қыз қуу» атты гобелендерін, сонымен қатар, ресейлік суретшілер, Ленинград кескіндеме мектебінің жарқын өкілдері Альберт Хаимович Белявский мен Владислав Львович Леванттың (1931-1978) «Баянауыл. Бәйге» және «Баянауыл» атты жұмыстарын ұсынды. Өзінің 100 жылдан астам тарихы бар қазақтардың бірегей тұрмыс заттары назар аудартады.
«Antika» салоны қазіргі заманғы қазақстандық суретшілердің мынадай мүсіндік және кескіндеме туындыларын көрмеге қояды: Дужновтар отбасының (Анатолий Николаевич және Жанна Яковлевнаның) «Наурыз» үштағанын және ЕвгенийАнатольевич Кимнің «Көкпар», «Түркістан қызы ат үстінде», «Бай» және т.б. туындыларын ұсынады.
Жанат Табылдиеваның жарқын бояуға толы «Дәуір тынысы», «Әңгіме», «Жартастар арасындағы гүлдер» атты туындылары оның өмірге құлшынысы мол, талантты қазіргі заман гобелен суретшісі екенін айғақтайды.
Әрбір суретшінің шығармашылығын халық өмірінен салынған ұлттық айшықтар, қазақтардың дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының, күнделікті тіршілігінің, табиғаттың, тұрмыстың көркем көріністері, кескіндемелік (живописьтік) тілдің шуақты жарқын бояулары, ойдың пайымдық толғамдары, түстік шешімдердің қанықтылығы және өзге де алуан түрі сырлы, сындарлы сипаттар айшықтайды.
Көрменің тұсаукесер бағдарламасында: салтанатты ашылуы, суретшілердің құттықтау сөздері, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының фольклорлық-этнографиялық тобының өнері, О.Таңсықбаев атындағы сәндік-қолданбалы өнер колледжі сән дефилесін ұсынады.
Көрмеде суретшілердің 120-дан астам жұмыстары қойылған.
ҚР Мемлекеттік орталық музейі қазақ мәдениетінің таңғажайып әлеміне шақырады!
Көрменің ашылуы: 2012 ж. 16 наурыз, сағат 16-00
Көрменің жұмыс уақыты: 2012 жылдың 16 - 28 наурыз, сағат 9.30-дан 17.00-ге дейін.
Баспасөз баяны «Қазақстан археология ғылымының дамуындағы танымал тұлғалар. Ә. Х. Марғұлан, К. А. Ақышев»
Көрме ҚР мемлекеттік орталық музейінде 2012 ж. 14 наурыз күні сағат 15.00 - ашылады
Қазақстан археологиясының қалыптасуы өмірі мен шығармашылығы Қазақстан ғылымының, оның ішінде, тікелей алғанда, ұлттық археология - этнография мектептері тарихының қалыптасу - даму үдерісінің айнасы іспетті екі тұлға - Ә. Х. Марғұлан және К. Ақышевтің атымен байланысты деуге болады.
Академик Әлкей Марғұланның (1904-1985) зерттеулері археология, этнография, филология, қазақ халқының мәдениеті, өнер тарихы сияқты түрлі салаларды қамтыды. Ол өткен ғасырдың 40 жылдарынан бастап Қазақстан аумағындағы археологиялық ескерткіштерді іздестіріп, зерттеу шараларын қолға алды. Жетісу, Оңтүстік, Батыс Қазақстан жеріндегі ежелгі қала мәдениетінің орындарын анықтап Отырар, Тараз, Сауран, Сығанақ, Сарайшық сияқты гүлденген отырықшы тұрмыс орталықтарының болғанын дәлелдеді.
Қола дәуіріндегі ежелгі көшпелілердің материалдық мәдениетінің ескерткіштерін іздестіру, зерттеу жұмыстарына Ә. Х. Марғұлан 30 жыл бойы жетекшілік етті. Қола дәуірінде Орталық Қазақстан ірі өркениет ошағы болып мұнда бірегей Беғазы-дәндібай мәдениеті қалыптасқанын ғылыми негізде дәлелдеді.
Көшпелілердің және олардың мұрагерлері қазақтардың материалдық мәдениетінің тарихы ғалымның «Казахское народное прикладное искусство» деген еңбегінде толық сипатталады. Ә.Х. Марғұланның «Древние караванные пути через пустыню Бетпак дала», «О происхождении племени канглы», «О значении эпиграфических памятников Казахстана», «Шоқан және Манас», «О наследии Машхур-Жусуп Копеева», «Ежелгі жыр аңыздар» т.б. еңбектері біздің ата-бабаларымыздың терең де бай рухани әлемінің куәсі деуге болады. Ол 50 жылдардың орта кезінен бастап қазақ халқының ғұлама ғалымы Ш.Ш.Уәлиханов жайлы материалдарды жинастырып 1961-1972 жылдар аралығында ұлы қазақ ғалымының шығармалар жинағының бес томын шығарды.
Кемел Ақышев (1924-2003) Қазақстан археология ғылымының дамуына зор үлес қосқан көрнекті археолог, ғалым, Ұлы Отан соғысының ардагері. 1955-1989 жылдары К. Ақышев ҚазССР Ғылым Академиясы, тарих, археология және этнография институтында археология бөлімінің ғылыми зерттеу, экспедициялық жұмыстарына жетекшілік етті. 90 жылдардың соңында ғалым Орталық Қазақстан аумағындағы ескерткіштерді зерттеп, 1998 ж. Бозок қалашығын ашып, 1999 ж. қазба жұмыстарын бастады, 2000 ж. бастап ол Еуразия археологиясында жаңа бағыт болып саналатын сатылы-типті үрдістегі «дала өркениеті» тұжырымдамасын дәйектеу, әрі Қазақстанның далалық аудандарындағы қала мәдениетін зерттеумен айналысты.
К. Ақышев бүгінде әлемге танымал Бесшатыр қорымындағы сақ пирамидаларын, «Алтын адам» жерленген Есік обасын, аңызға айналған Отырар қала жұртын, ежелгі және көптеген ортағасырлық мәдениет ескерткіштерін анықтап, қазба жұмыстарын басқарды.
Ғылыми қызметінің жарты ғасырға жуығын ол ежелгі тарих, көне дүние және орта ғасырлар археологиясы мәселелерін зерттеу ісіне арнады. 200-ден аса ғылыми еңбек, 15 монографияның авторы К Ақышевтің аты «Қазақстанның Құрмет Алтын кітабына» енгізілген.
Көрмеде фотосуреттер, академик Ә.Х. Марғұлан мен профессор К.А. Ақышевтің жеке заттары, құжаттар, марапат белгілері және ғалымдардың ғылыми-зертеу, ұйымдастырушылық қызметін, әрі Қазақстан археологиясының дамуына қосқан үлестерін айғақтайтын музей қорынан алынған материалдар ұсынылады. Сондай ақ, Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясының ізденістері барысында жиналған неолит және қола заманының артефактілері көрсетіледі. Орталық Қазақстан экспедициясының соңғы жылдардағы зерттеулерімен Атасу, Ақмая, Мыржық қоныстарынан табылған заттар арқылы танысуға болады. Ерте темір ғасырының ескерткіштерінен тасмола мәдениетінің артефактілері, К. Ақышев басқарған экспедиция жұмыстарының нәтижесінде анықталған сақтар мен үйсіндердің және орта ғасырлардың ескерткіштері бар. Ғалымдардың орта ғасырлар тарихын зерттеудегі табыстарын Сарайшық, Отырар төбе қалаларындағы қазбалардан жиналған дүниелер, орта ғасырлардағы құрылыс-сәулет өнерінің ескерткіштері – түрлі ғимараттар макеттері аңғартады. Көрмедегі этнографиялық материалдар терең тамырлы мәдени мұраның айғағы. Көрме экспозициясын түрлі материалдар: қазба жұмыстарының панорамасы, жартас бетіндегі суреттер, археологиялық ескерткіштердің фотосуреттері толықтырады.
Көрме 2012 ж. 1 мамырға дейін жалғасады.
«ҚЫЗҒАЛДАҚТАР ГҮЛДЕГЕНДЕ»
2012 ж. 3-4 наурызынды ҚР Мемлекеттік орталық музейінде «Қызғалдақтар гүлдегенде» атты Орталық-Азия қолөнершілер жәрмеңке-көрмесі өтті
ҚР МОМ-інде қолөнершілер көрме-жәрмеңкесін өткізу дәстүрге айналған. Ол қолөнер бұйымдарын бағалай білушілер мен оны сүюшілер арасында үлкен қызығушылық тудыруда. Оныңбастамашылары және ұйымдастырушылары - «Бахыт» сәндік-қолданбалы өнер орталығы мен ҚР Мемлекеттік орталық музейі.
Жәрмеңкенің басты мақсаттары - өңірде біріңғай мәдени кеңістік қалыптастыру; сәндік-қолданбалы өнер саласындағы жетістіктерді көрсету, өзара байыту және тәжірбие алмасу; кәсіби қарым-қатынас және әріптестік байланыстарды дамыту үшін жағдай жасау; бірлескен шығармашылық жобалар ұйымдастыру. Жәрмеңкеге Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Ресей және Монғолия елдерінен шеберлер қатысады.
Көрмеде Өзбекстанның көз жауын алатын алуан түрлі сыйлық және кәдесыйлық заттары ұсынылды: құрақ көрпелер, дастарқандар, майлықтар, сюзане, керемет айшықты маталар; Тәжікстандық Риштан қышшы мұрагерлерінің жасаған таңдаулы қыш ыдыстары мен құмыралары; қырғыз қолөнершілерінің киізден жасаған жылы камзол, кәзекейлері және жеңіл бөкебай, тымақтары мен түрлі кәдесыйлары; Қазақстан шеберлерінің күмістен және теріден жасаған бұйымдары, сондай-ақ тағы көптеген заттар болды. Халық шеберлерінің сезім құштарлығымен және асқан дарынынан туындаған алуан түрлі заттар әлемі Орталық Азия халықтарының өзіндік мәдениетін көрсетті. Шеберлердің мұрагерлері жылдан жылға ұлттық дәстүрлерді көздерінің қарашықтарындай сақтай отырып, қайта ой елегінен өткізіп, дамытып келеді.
Көрмеге келушілер, өнерсүйер қауым халық шығармашылығының бірегей туындыларымен танысты. Көрме-жәрмеңке сәндік өнерді барынша бағалайтындарға өзіне, балалары мен жақындарына және әріптестеріне ұмытылмас әсер қалдыруға мүмкіндік сыйлады. Бұл жерде әрбір келуші қонақ ешқандай бейтарап қала алмады, ол көктем мейрамның кішкентай бөлігін өзіне естелік ретінде сатып ала алды.
Шара аясында 3-4 наурыз күндері қазақстандық суретші-шебер Күлән Жанғұтты киізден шеберлік-класс өткізді. Келушілер киіз бұйымдарын тамашалап қана қоймай, оларды дайындаудың әдіс-тәсілімен етене таныса алды.
2012 жылы 10 ақпанда, сағат 15.00-де ҚР Мемлекеттік Орталық музейінде Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылуының 23 жылдығына арналған «Намыс, Отан, Ерлік» атты көрме ашылды.
Кеңес әскерлері Ауғанстан жерінде ауыр да азапты тоғыз жыл бойы – 1979 жылдың 25 желтоқсанынан 1989 жылдың 15 ақпанына дейін болды.
Ауғанстанда КСРО-дан барлығы 620 мыңға жуық, соның ішінде қазақстандық 22 мың адам әскери қызметтерін өтеді.
15 526 адам, соның ішінде 924 қазақстандық шайқас кезінде қаза тапты, алған жарақаттарынан және аурулардан қайтыс болды.
333 адам (КСРО Қорғаныс министрлігі Бас Штабының деректері бойынша), соның ішінде қазақстандық 21 адам хабар-ошарсыз жоғалды және тұтқынға түсті.
Ауғанстан соғысы Кеңестер Одағына ешбір ар-абырой да, данқ та әкелген жоқ.
Құрбан болғандардың туыстары мен жақындары үшін бұл қасіретті соғыс 1989 жылы 15 ақпанда әскерлердің шығарылуымен де аяқталған жоқ. Ол тіпті уақыттың өзі де емдеуге дәрменсіз қансыраған жара болып қалып отыр. Осы қантөгісті оқиғаның тәжірибесі әр мемлекет пен халық өздерінің ішкі істерін өз халықтарының пайдасы мен игіліктері үшін дербес түрде шешуге үндеген қайталанбас сабақ болды. Шайқас шебінде осы арқылы пайдаға батуды қалаған соғысты тұтандырушылар емес, жауынгерлер қаза болды. Біздің көрмеміз нақ осылар хақында. Көрменің мақсаты – Ауғанстан соғысы туралы шынайы ұғымды қалыптастыру, жауынгерлер мен жастардың жаңа лек ұрпағын Ауғанстанда шайқасқан солдаттар мен офицерлердің патриоттық үлгісінде тәрбиелеу, сондай-ақ, соғыс саяси проблемаларды шешудің тәсілі емес екендігі туралы ұғымды қалыптастыру.
Экспозицияға Ауғанстанда шайқасқан, құрбан болған және осы отты кешуден аман қалған қазақстандық жауынгерлер мен офицерлердің деректі материалдары (оқиғалардың куәгерлері мен қатысушыларының фотосуреттері, хаттары, куәліктері), наградалары мен жеке заттары қойылды. Көрмеге келушілерді, әсіресе, кеңес жауынгерлері мен офицерлерінің, сондай-ақ, ауған «содырларының» киім-мүліктері айрықша қызықтырары сөзсіз.
Көрме Алматы қалалық әкімшілігінің жанындағы Ауғанстандағы соғыстың ардагерлері мен мүгедектері қоғамдық бірлестіктерінің және шағын әскери шиеленістердің қалалық үйлестіру кеңесінің қатысуымен дайындалды.
Назар аударыңыздар! конкурс!!!
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейінде үстіміздегі жылдың мамыр айында«Марапатталады…! (Награждаются…!)» атты көрме ашылады.
Көрменің экспозициялық кешенінде алғаш рет фалеристика заттары: музей қорындағы, отандастарымыздың соғыс және бейбіт уақыттағы көрсеткен ерен ерліктері, мемелекеттік және қоғамдық салалардағы сіңірген зор еңбектері мен жетістіктері үшін марапатталған ордендер, медальдар, озаттық белгілері, сонымен қатар, тарихи құжаттар мен фотосуреттер қойылады.
Осы аталған көрме аясында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі, «Дружная ребята» газеті және «Карапуз KZ» ақпараттық порталы 1 сәуір - 15 мамыр аралығында бір атаумен: «Балабақша түлегі», «Мектеп түлегі», «Жоғары оқу орны түлегі», «Жылдың ең үздік оқушысы», «Жылдың ең үздік студентті» атты бес номинация бойынша КОНКУРС жариялайды.
Конкурсқа өз медальдарын: медалін, орденін, төсбелгісін ойлап тапқан оқушылар, студенттер, балалар мен ата-аналары қатыса алады. Білікті әділ қазылар алқасы конкурстың барлық шарттарына жауап беретін үздікжұмыстарды музейдегі көрмені рәсімдеу үшін таңдап алады. Конкурстың өткізілуі мен шығарылған қорытындысының нәтижелері,жүлдегерлердің фотосуреттері және олардың жұмыстары туралы ақпараттық материалдар «Дружные ребята» газеті, «Карапуз KZ» және музейдің веб-сайтына орналастырылады.
Қатысушыларға арналған конкурс шарттары:
1. Сурет, фотосурет немесе ұсақ-түйек бұйым түрінде өз жұмыстарының (марапаттардың) макеттерін ұсыну (дайындау материалы Сіздің өз қалауыңызға қарай – ағаш, пластилин, пенопласт және т.б.);
2. Марапаттың (аверс, реверс және гурт) сипаттамасын (мемлекеттік немесе орыс тіліндерінде) музейге электронды тасымалдаушымен немесе mom.kz@mаil.ru электрондық адресіне жіберу;
3. Аты-жөнін, жасын, оқу орнының атауын көрсету, фотосуретті (9х12см) қоса тіркеу.
4. Байланыс телефонын көрсету.
Жұмыстар музейде мына мерзімде қабылданады: 2012 жылдың 1 сәуірінен - 1 мамырына дейін.
Қорытынды шығарылатын күн: 23 мамыр, сағ.15. 00
Өткізілетін орны: Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі. Мекен-жайы: «Самал-1», 44-үй.
Кураторы: Татьяна Борисовна Козуб
Мәдени-білім беру жұмысы орталығы.
Байланыс телефондары: 2644650, 2645566.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық музейі «Престиж» мемлекеттік емес білім беру мектебімен бірлесіп 2011 жылдың 14 желтоқсаны, сағат 10.00-де
«Қазақстан Тәуелсіздігіне 20 жыл балалар көзімен»
атты балалар шығармашылығының көрмесі және «Есте сақтау, достықты бекітеді» әдеби-музыкалық компазициялардың ашылуына шақырады.
«Менің Тәуелсіз Қазақстаным»
Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 27қаңтардағы № 1144 «2011 жылды Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы деп жариялау туралы» Жарлығына сәйкес 2011 жылғы 26-қараша – 15-желтоқсанға дейін «Тәуелсіздіктің жиырма шыңы» 20 жұлдызды күні аталып өтеді. Сол күндердің бірі - 6-желтоқсан – «Мәдениет» күні ретінде белгіленген. Осы атаулы күнге орай, 2011 жылдың 6- желтоқсанында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі барлық келушілерге «Ашық есік» күнін жариялап, № 17 мектеп-интернат тәрбиеленушілері мен «SVS NEVRO» қоғамдық қорының тіркеуінде тұратын эпилепсия және ауыр науқасты балаларға арнап «Менің Тәуелсіз Қазақстаным» атты қайырымдылық іс-шарасын жүзеге асырды.
Көрменің ашылу рәсімі 2011 жылы желтоқсанның 6 күні сағат 16.00. ҚР МОМ-де өтеді.
Қазақстан Республикасы Егемендігінің 20 жылдығы мерейтойына орай ҚР Мемлекеттік орталық музейі және «BANKRBK» АҚ Банкі бірлесіп, аталмыш көрмені ұйымдастырып отыр.
Көрермендерге Қазақстанда монеталардың пайда болуы, дамуы мен бүгінгі жай-күйі туралы монета ақшалардың түпнұсқаларын көрсету арқылы қызық деректерді ұсынып отыр. Көрме экспозициясында Қазақстан территориясындағы жібек жолы сауда тораптары, ортағасыр қалаларындағы монета соғып жасайтын орындар, монета ақшаның бағасы, оның тауар айналымындағы рөлі сияқты тарихына байланысты деректер, фотосуреттер, карталар, кестелер қойылады.
Қазақстан монеталарының шежіресі сонау ежелгі көшпелілердің «тауарға-тауар» (мал, аң терісі, жібек, алтын, күміс металл кесектері, асыл тастар ақша ретінде теңгерілді) саудаларына бастау алады. Көне түрік (VI-IX ғғ.), түргеш дәуірінде «жылқыға жібек» саудасы қарқынды дамыды. Батыс түрік қағандығы кезінде Қазақстан аумағында қаған, йабғұ, тегін, тұдындардың атынан түрлі монеталар шығарылып, ақша айналымында қолданылды. Түргеш теңгелері ірі территорияда айналымға түсті, олар көбінесе, Суяб, Таразда соғылып тұрды.
Қарахан әулетінің (X-XII) мыс фельстері Орта Азия аумағында ақшаның кең қолданыста болғанын көрсетеді. Ол кезеңде қалаларда сауда-саттық күшейіп, жаңа қалалар арқылы маңызды сауда жолдары өтті. Бұл сауда бағыты Шу өзені, Іле Алатауы арқылы Талғарға жеткен. Бір тармағы Шелекті басып өтіп, Шығыс Түркістанға дейін, екіншісі Іле өзені мен Алакөлден өтіп, Моңғолияға жетті. Қарахан әулеті дәуірінің 2145 дана мыс монета көмбесі 1976 жылы Ақтөбе қалашығынан табылған еді. Көмбе қыш құмыраның ішіне сақталынған болатын. Осы монеталар ҚР МОМ қорында сақтаулы. Бұл көмбе тұңғыш рет көрермендерге ұсынылып отыр.
Көрмеде моңғол империясы (XIII-XIV ғғ.), Жошы, Шағатай, Темір әулетінің кезеңдеріндегі сирек кездесетін монеталар қойылып отыр. Ортағасырларда Йасы, Отырар, Баласағұн, Тараз, Мерке, Атлақ, Шаш, Сарай, Сарай-Әл-жадид, Сарайшық, Самарқанд, Бұқара, Хоженд және басқа монета соғатын орындарда «пени, фулс, дирхем, динар» секілді алтын, күміс, мыс монета-ақшалар тұрақты соғылып тұрды, қала экономикасында, базарлар мен сауда орындарында ақшаның рөлі едәуір артты. Мысалы, Жошы ұлысында жылқының бағасы 50-60 динар (алтын монета), тіпті де 500 динарға дейін жеткен.
Оңтүстік Қазақстанда шағатай әулетінің монета ақшалары кең қолданыста болды. Оның айқын айғағы ретінде Алматы көмбесін атауға болады. 1967 жылы Алматы қаласы «Таулы қырат» ұжым шаруашылығы жерінен табылған күміс монеталар саны 1387 сақтау бірлікке жетеді. Бұл көмбе де көрермендерге алғаш рет ұсынылып отыр.
Көрмеде Қырым, Қазақ және Қоқан, Бұқара, Хиуа хандығы дәуірінің монеталары, Ресей патшалығы мен ҚазақССР кезеңінің, одан Қазақстан Республикасының ұлттық валюта ақша түрлері де қамтылған. Қазақстанның әр бөлігінен табылған ақша көмбелері, түрлі қоймалары, сонымен қатар музей қорларындағы монеталар Отырар, Тараз, Йасы, Түркістан, Сауран, Сайрам, батыста Сарайшық, Барcкент, шығыста Бұдыхкент, Тараз, Кенже сияқты қалаларда ақша жүйесі мен ақшалай сауданың дамуын айқын көрсетеді.
Көрмеде монета ақшалар арқылы Қазақстанның саяси-экономикалық, әлеуметтік тарихының тағы бір қырымен танысу мол мүмкіндіктер бар. Көрмені 31 желтоқсанға дейін тамашалауға болады. Бағдарламада: көрменің салтанатты ашылуы, нумизмат ғалымдардың сөзі, көрермендерге экскурсия, балаларға арналған білім беретін бағдарлама болады.
Ұйымдастырушылар: ҚР Мемлекеттік Орталық музейі және «BANKRBK» АҚ банкі.
«ШЫҒЫС БАЗАРЫ» - ШЫҒЫС ЕЛДЕРІНІҢ ДОСТЫҚ КӨПІРІ
2011 ж. 3-4 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттік музейінде «Бахыт» сәндік-қолданбалы өнер орталығы үлкен Орта-Азия қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесін өткізеді.
«Шығыс Базары» көрме-жәрмеңкесі жыл сайын Қазақстанның тәуелсіздік күнінің қарсаңында өткізіледі. Биылғы жыл ерекше – биыл Қазақстан тәуелсіздігіне 20 жыл.
Көрме-жәрмеңке – бұл алматылықтар мен қонақтардың асыға күтетін мерекесі. Алдымыздағы көрмеге 2500-ден аса келушілер болды.
Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркменстан, Ресей елдерінен келген майталман қолөнер шеберелері өздерінің қолдан тоқылған жібек шарфтары мен экологиялық таза кілемдерін, ағаш оюлары мен жібек жіптен тоқылған кестелерін, Риштан қыштары мен зергерлік әшекей бұйымдарын, Самарқандтың ұрпақтан ұрпаққа келе жатқан қолөнер шебері, әрі сазгері өзінің сазды аспаптарын ұсынады.
Әрине, жәрмеңкенің әр қонағы бұл жерден өзіне керекті де лайықты, қалтасы көтере алатындай сыйлықтар таба алады. Жәрмеңкеде нағыз шығыс базарындағыдай саудаласуға да болады. Сатылатын бұйымдар әр түрлі, әрі әркімнің қалтасы көтере алатындай жағдайларда ескерілген. Бұл жәрмеңке тек қана қазақстандық өнер сүйер қауым үшін ғана емес, шет елдіктер үшін де үлкен сұраныста.
Сонымен қатар біз келушілерді «құрақ құрау» шеберлік-классына шақырамыз. Шеберлік-классты қазақстанның атақты қолөнер шебері Жанғұтты Күлән және Өзбекстан елінің қолөнер шебері Құрымбетова Райхан өткізеді.
Жәрмеңкеге келушілер шеберлік-классты көріп қана қоймай, өз қолдарымен құрақ құрау әдіс-тәсілдерін үйренуге мүмкіншіліктері бар.
Жәрмеңкенің жұмыс уақыттары: 3-4 желтоқсан 2011ж.
Сағ. 10-00-ден 18-00-ге дейін.
Көрме жетекшісі – «Бахыт» сәндік қолданбалы өнер орталығы» қоғамдық қоры.
Қосымша ақпараттарды Сіз көрме ұйымдастырушыларынан төмендегі телефондар арқылы хабарласуыңызға болады:
«Бахыт» сәндік қолданбалы өнер орталығы қоғамдық қорының менеджері Әбдікәрім Кунсулу: 8 (727) 375 56 55, тел/факс 8 (727) 375 56 58, +7 775 6232966, +7 701 3908125 e-mail:kunsuluabdikarim@mail.ru, bakhyt_09@mail.ru
ҚР МЕМЛЕКЕТІК ОРТАЛЫҚ МУЗЕЙІНДЕ 2011 ЖЫЛЫ ЖАРЫҚ КӨРГЕН ЕҢБЕКТЕР
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей бастамасымен 2005 жылдан бастап қолға алынған «Мәдени мұра» Ұлттық Стратегиялық жоба аясында Қазақстан Республикасы Орталық музейі 2011 жылы төмендегі ғылыми еңбектерді жарыққа шығарды.
ҚАЗАҚТЫҢ ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ КАТЕГОРИЯЛАР, ҰҒЫМДАР МЕН АТАУЛАРДЫҢ ДӘСТҮРЛI ЖҮЙЕСI. Энциклопедия. І том. А-Д. (иллюстрацияланған). – Алматы: DPS, 2011. – 736 бет.
Жоба жетекшісі, ғылыми редакторы – Нұрсан Әлімбай.
Оқырмандарға ұсынылып отырған көп томдық энциклопедиялық еңбек – отандық қоғамдық ғылымның әр саласында жемісті еңбек етіп жүргенғалымдардың – тарихшылардың, этнологтардың, тілтанушылардың, фольклортанушылардың көп жыл бойы бірлесе атқарған ізденістерінің нәтижесі.Энциклопедия барлығы он мыңнан астам этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларды қамтиды. Оның бірінші томына 2117 мақала еніп отыр. Дәл осы құралыптас еңбек әлемдік мәдени әлеуметтік антропология және этнология саласында тұңғыш рет жүзеге асырылып отыр. Энциклопедия қазақы (көшпелі) ортадағы қоғам, адам және қоршаған табиғи ортаның арасындағы сан-салалы қатынастардың субъектілерін, объектілерін, сондай-ақ, осы қатынастардың жүзеге асырылу жолдары мен механизмін (ілкімді принциптері мен нормаларын) бейнелейтін этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларды қамтиды. Тиісінше олардың этнографиялық мән-мағыналары сипатталады.
Энциклопедия ғалымдарға, жоғарғы және арнайы орта білім саласының мамандарына, сондай-ақ, қалың оқырман көпшілікке арналады.
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МЕМЛЕКЕТТІК ОРТАЛЫҚ МУЗЕЙІ ҚОРЫНДАҒЫ СИРЕК ҚОЛЖАЗБАЛАР МЕН БАСЫЛЫМДАР: Ғылыми каталог. 1-кітап. Иллюстрацияланған, қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде. – Алматы: Өнер, 2011. – 414 бет.
Жоба жетекшісі – Нұрсан Әлімбай. Ғылыми редакторлары – Нұрсан Әлімбай, Ж.Шалғынбай.
Бұл ғылыми каталог «Мәдени мұра» Стратегиялық Ұлттық жобасы аясында 2005-2007 жылдары дайындалған. ҚР МОМ қорындағы сирек кездесетін қолжазбалар мен басылымдардың жүйеленген ғылыми каталогын жасау ісі республикамыздың музей ісінде тұңғыш рет жүзеге асырылып отыр. Ғылыми каталогта орта түрік, қазақ, араб, парсы, татар және басқа тілдердегі қолжазбалар мен бірегей басылымдардың 200-ге жуық нұсқасы қамтылған. Атап айтқанда, олар – Абай Құнанбайұлының шығармасы сынды әдеби жәдігерлер, Құран, тәпсір, мұхаммедия, мұхтасар секілді діни мазмұнды қолжазбалар, грамматикалық оқулықтар, сөздік, литографикалық кітаптар мен басылымдар. Ғылыми каталогта сирек кездесетін қолжазбалар мен басылымдардың ғылыми толық сипаттамасы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылған. Сонымен қатар, әрбір жәдігер иллюстрациясымен берілген.
Ғылыми каталог музей қызметкерлеріне, тарихшы ғалымдарға, шығыстанушыларға, кітапханашыларға, жоғары оқу орындарының студенттеріне көрнекі оқу құрал ретінде қолдануға және көпшілік оқырман қауымға арналған.
«ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МЕМЛЕКЕТТІК ОРТАЛЫҚ МУЗЕЙІНІҢ АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ КОЛЛЕКЦИЯСЫ: САҚТАР МЕН ҮЙСІНДЕР МӘДЕНИЕТІ» (иллюстрацияланған ғылыми каталог), қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде. – Алматы: Өнер, 2011. – 320 бет.
Жоба жетекшісі – Нұрсан Әлімбай. Ғылыми редакторлары – Әлішер Ақышев, Нұрсан Әлімбай.
Сақтар мен үйсіндер мәдениетінің Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі ғалымдарының көп жылғы ғылыми ізденісінің нәтижесі болып табылатын осы ғылыми каталог ежелгі көшпелілер мәдениетінің бірегей ерекшеліктерін сипаттайды. Сонымен бірге сақтар мен үйсіндердің материалдық мәдениетінің өзара генетикалық сабақтастығын айғақтайды. Басылым ғылыми қауымға, өнертанушыларға, өлкетанушыларға, сондай-ақ, көпшілік оқырманға арналып отыр.
Каталогта барлығы 7304 музейлік құндылықтың қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі ғылыми сипаттамасы берілді.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай ҚР Мемлекеттік Орталық музейінде 2011 жылдың 25 қарашасында «Абайдың қолжазбасы» атты бірегей көрмесі ашылды.
ҚР Мемлекеттік орталық музейі қорында қазақ халқының рухани мәдениетінің асыл мұраларына жататын көне қолжазбалар мен сирек басылымдардың 410-нан астам түрі сақталған.
Музей қызметкерлерінің мұқият жүргізген жұмыстарының арқасында, түсім кітабында 17569 нөмірімен тіркеліп, музей қорында ертеден сақталған, 1899 жылы қазақ тілінде араб жазуымен (қара қарындашпен 4 параққа, яғни 8 бет) жазылған «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққандығы туралы» деген қолжазба Абай (Ибраһим) Құнанбайұлына (1845-1904 жж.) тиесілі әрі ұлы ақынның құнды, бірегей туындысы екендігі белгілі болды. Көптеген зерттеушілер бұл қолжазбаны «Абайдың өзінікі» деп қарастырады. Аталмыш қолжазбаның қара қарындашпен жазылғандығы да басты назарды аудартады. Өйткені Абай өз шығармаларының денін қара қарындашпен жазған екен. Бұл жайтты Абайдың ұлы Тұрағұлдың (1875-1934 жж.) естелігі де растайды. Сондай-ақ бұл қолжазбаның жазу үлгісі Абайдың әдеби хатшысы болған, оның шығармаларын көшіріп жазушы Мүрсейіт Бікіұлы және Тұрағұл Абайұлының қолжазбаларындағы жазу ерекшеліктеріне мүлдем ұқсамайтындығы анықталынды. Демек, аталмыш қолжазбаның ұлы ақынның төлтума туындысы деуге толық негіз бар.
Көрмеге ҚР МОМ қорында көп жылдар бойы сақталынып келген, Абай шығармаларын жинақтаған Мүрсейіт Бікіұлы (1860-1917 жж.) қолжазбасының 4-ші нұсқасы алғаш рет қойылды. Бұл қолжазбаның бүгінгі күнге дейін үш нұсқасы ғана белгілі. Атап айтқанда, 1905 жылғы нұсқасы ҚР ҰҒА-ның Орталық ғылыми кітапханасында, 1907 жылғы нұсқасы ҚР БжҒМ ҒК М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорында, 1910 жылғы нұсқасы М.Әуезов музейінде сақталған.
Сонымен қатар, көрмеге тұңғыш рет қойылған келесі жәдігерлер – ол Тұрағұл Абайұлы мен Ахат Құдайбердіұлының жазып алған Абай өлеңдері мен оның А.С.Пушкиннен, М.Ю.Лермонтовтан, И.А.Крыловтан аударған шығармалары.
Жалпы, Абай және оның шығармалары туралы алғаш рет 1905 жылы «Алаш Орда» үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханов некролог мақала жазды. Бұл дәстүр 1933-1934 жылдары Мұхтар Әуезовтің, кейін Әбусағит Жиреншин мен Әлкей Марғұланның еңбектерінде жалғасын тапты. Аталмыш тұлғалардың еңбектері Абайтанудың, ұлы ақынның мұрасын зерттеудің алғашқы қадамдары іспеттес болды.
Көрмеде Абай Құнанбайұлына байланысты сирек кездесетін экспонаттар мен деректер, түрлі мекемелерден анықталынған хаттарының көшірмелері, Абай балаларының портреттері, оның шығармаларының әр түрлі кезеңдердегі басылымдары ұсынылды.
Көрме 2012 жылдың қаңтар айының соңына дейін жалғасады.
2011 жылдың 17 қарашасында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейінде «Ұлыбритания Қазақстанда: мәдениет – жалпы құндылық!» атты жыл сайынғы British Council өткізетін көркемөнер шығармашылығы жұмыстары сайысы қатысушылары мен жеңімпаздары көрмесі ашылды.
Көрме Қазақстан Республикасы Тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығына және Лондонда алда өтетін Олимпиада ойындарына арналған. Іс-шараны музей директорының бірінші орынбасары Бейбітқали Смағұлұлы Қақабаев ашты. Ол біздің тұрақты әріптесіміз - Алматы қаласындағы British Council халықаралық компаниясын кезекті жаңа қызғылықты жобасымен құттықтады. Көрмеге халықаралық ұйымдар және елшіліктер өкілдері, сондай-ақ, Алматы қаласының атақты суретшілері мен өнертанушылары қатысты.
Ұлыбританияның British Council халықаралық ұйымы Қазақстанда 1994 жылдан бастап мемлекеттік, мемлекеттік емес және коммерциялық ұйымдармен бірлесіп, тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейді, мәдениет саласындағы жобаларды жүзеге асырады, білім беру және шығармашылық идеяларына қолжетімділікке жол ашады, сонымен қатар, Ұлыбритания мен әр түрлі елдер арасында ұзақ мерзімді қарым-қатынастар орнатады.
2010 жылы British Council өнер саласында дарынды жас суретшілерге өздерін жергілікті және халықаралық деңгейге шығаратын, шығармашылық өзіндік ойын білдіруге мүмкіндік беретін жаңа жобаны әзірледі. Қатысушылардың жасы 35-тен аспауы керек. Жұмыс қорытындысы бойынша ұйымдастырушылар мен Қазақстанның кәсіпқой суретшілері енген конкуртың әділ қазылар алқасы мүшелері British Council-ң шығармашылық көркемөнер жұмыстарының конкурсын Қазақстанда жыл сайын өткізетін іс-шараға айналдыру қажет деп шешті.
2010 жылы «Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы мәдени қарым-қатынастар» тақырыбына және 2011 жылы «Лондон 2012» атты Олимпиада ойындары тақырыбына арналған конкустарға жоғарғы оқу орындарының көркемөнер бөлімдерінде оқитын студенттер мен Қазақстанның тәуелсіз суретшілері қатысты.
Ашылу салтанатында British Council директоры Лина Милошевич өз сөзінде: «Біз Қазақстанның дарынды жас суретшілерін ынталандыру және көтермелеу үшін осы конкурсты бастадық. Қазір көріп отырғанымыздай, бұл конкурс біздің достарымыз бен әріптестеріміздің көмегінің арқасында ұзақмерзімді жобаға айналып отыр. Конкурс аясында колледждердің, мектептердің және университеттердің көркемөнер факультеттерінің студенттері, сонымен қатар, тәуелсіз жас суретшілер берілген тақырып бойынша 100 – ден астам жұмыс ұсынды. Көрмеде биылғы және өткен жылғы сайыстан конкурстардан әділқазылар алқасы қазылар алқасы таңдап алған 28 жұмыс көрсетілді. 2010 ж. жұмыстарының алты және 2011 ж. жұмыстарының сегіз картинасы жүлдегер атанды, бұл жұмыстар British Council-н сыйлық ашықхаттарын жинағын шығаруға пайдаланылды және олар бүкіл әлем бойынша British Council кеңселерінде, сондай-ақ біздің әріптестеріміздің және осы бүгінгі көрменің қонақтары арсында таратылатын болады», - деп атап өтті.
2011 ж. – алдағы Олимпиядалық ойындарға арналған «Лондон 2012» конкурстың финалға шығушыларын марапаттау салтанатында қазылар алқасы жұмыстары екінші айналымға өткен 18 жеңімпазды айрықша атап өтті, 8-і сыйлықтар және естелік сыйлықтарын иеленді. Барлық жүлдегерлер British Council сертификатын алды. Кәсіпқой әділ қазылар алқасы басты жүлдені екі финалға шығушы жеңімпаздар - Ильей Теняков пен Сабыржан Амиржанов екеуіне тең бөліп берді.Олар 500 АҚШ долларымен (теңгемен) ақшалай жүлде алды. Арнайы жүлделерімен үздік алты жұмыстың авторлары: Алина Қарабалаева, Кирилл Киселёв, Светлана Крутенко, Ольга Ткаченко, Берік Итбалаков, Ренат Попошев марапатталды. Илья мен Сабыржанның жұмыстарын қоса алғанда, бұлардың ішіндегі ең үздік 4 жұмыс жыл бойы Алматыдағы British Council кеңсесін безендіретін болады.
Ресми ашылу сатанатынан кейін және жүлдегерлерді марапаттаған соң іс-шара қонақтары мен қатысушылар көрмемен танысып, өзара және British Council өкілдерімен ұзақ ой пікір алмасты.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында, 2011 жылы 16 қарашада, сағат 16.00 - де Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі қазақстандық белгілі суретші, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі Марат Тұрғымбайдың«Бестерек» атты жеке кескіндеме көрмесін ашады.
Суретші бейнелеу өнерінің барлық түрінде жұмыс істейді. Оның қылқаламынан портреттер де, натюрморттар да және пейзаждар да туған.
1982 жылдан бері халықаралық, бүкілодақтық, республкалық көрмелердің қатысушысы. Көрмеде суретшінің 50-ден астам кескіндеме жұмысы қойылған.
Көрме бағдарламасында:
салтанатты ашылуы,
жанды музыка,
суретші Марат Тұрғымбайдың құтықтау сөзі,
каталогтың тұсаукесері және дәм дастарханы.
Көрменің жұмыс істеу уақыты: 2011 ж. 16 - 30 қараша аралығы, сағат 9. 30 - 17. 00-ге дейін
2011 жылдың 23 қыркүйегінде сағат 15.00-де Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде ашылатын «Жастықтың оты жалындап...»атты бұл көрме белгілі қоғам және саяси қайраткер Шәріп Омаровқа (1948-2007) арналады.
Еліміз Тәуелсіздік алғаннан бергі Қазақстан тарихында ҚР Мемлекеттік орталық музейі қабырғасында көптеген қоғам және саяси қайраткерлердің өмірі мен қызметіне және шығармашылығына байланысты жеке тұлғалық көрмелер аз ұйымдастырылған жоқ. Ал, бүгінгі күні музейімізде ашылғалы отырған аталмыш көрме көрермендерді еліміздің тарихындағы шоқтығы биік, бірегей тұлғалардың бірі Шәріп Омаровтың өскен ортасы мен салихалы саяси қызмет белестерімен жақынырақ таныстыратын болады.
Шәріп Омаров қоғам және саяси қайраткер ретінде ҚР Парламенті Мәжілісінің бірнеше шақырылымдарының депутаты, ҚР Жастар ісі жөніндегі Мемлекеттік комитет төрағасының бірінші орынбасары, Мемлекеттік «Қазақстан» телерадио кешені төрағасының бірінші орынбасары, Алматы қаласы қалалық әкімшілік басшысының бірінші орынбасары, ҚР Парламентінің Қорғаныс және қауіпсіздік саласы бойынша халықаралық істері комитетінің төрағасы, ЕҚЫҰ Парламенті Ассамблеясының мүшесі, ТМД Елдері Парламентаралық Ассамблеясының сыртқы саяси комитетінің төрағасы, ҚР‑ның Чехия мен Словакиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі сынды жоғары лауазымды Мемлекеттік қызметтерді үлкен жауапкершілікпен атқарды. Ш. Омаровтың өнер жолындағы шығармашылығы студент кезінде өзі негізін қалаған аты әйгілі «Дос-Мұқасан» ансамблімен тікелей байланысты.
Ш. Омаров өзі атқарған Мемлекеттік жауапты қызметтердің қайсысында болмасын Тәуелсіз Қазақстанның дамуы мен гүлденуіне зор үлес қоса білді. Өкіншке орай, мезгілсіз жеткен қаза бұл дарынды тұлғаның әлеуетін толық көрсетуге мүмкіндік бермеді.
Көрменің негізін Ш. Омаровтың жеке мұрағатынан алынған әртүрлі құжаттары, марапаттары, ресми костюмі, футбол формасы мен добы, әуе десанты береті, фотосуреттер және т.б. материалдар құрайды.
Көрменің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының белгілі қоғам және саяси қайраткерлері мен Ш. Омаровтың жанұя мүшелері, жақын достары қатысады.
Музейдің 4 залында орналасқан аталмыш көрме ағымдағы жылдың 23 қазанға дейін жалғасады.
2011 жылдың 14 қыркүйегінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейінде Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі Ақжана Абдалиеваның «Жетінші сезім» атты жеке көрмесі ашылды.
ҚР Мемлекеттік Орталық музейінің күзгі маусымы Ақжана Абдалиеваның «Жетінші сезім» атты жеке көрмесімен ашылады. Суретшінің жетінші сезім дегені не? Ішкі түйсік пе? Әлемнің жарқын және шексіз әр алуандығын өзінің ерекше қабылдауы ма? Әлде суретшінің картина салу кезінде бойында болатын түсініксіз сезім бе?
Ақжананың жұмыстары бейнелі және терең сезімді. Ол бізбен өзінің асыл ойларымен, армандарымен, мәңгілік тақырыптар: махаббат, достық, отбасы, Ер адам мен Әйелдің өзара қарым-қатынасы жайлы өз ой-толғаныстарымен бөліседі. Ақжана салған сан алуан әйел бейнелері өз болмысының жалғасы іспетті. Ол осы өмірде өз орнын табуға және өзінің шын мәнінде кім екенін түсінгісі келеді. Дала қызы ма? Жапон келбетті қыз ба? Ханшайым ба? Ақ қанатты періште ме? Көгершін ұшырған арманшыл ару ма? Қалыңдық па? Әлде әлемге бота көздерімен үрке қарап тұрған кішкентай қыз ба? Мүмкін, әйел болмысындағы Хауана бейнесі болар? Ақжана өзінің жұмыстарында әрбір суретшіге тән жалғыздықтың мәнін терең түсінгісі келеді, ол мұңға шалдырмай, шабытқа бөлеуін қалайды. Ақжананың жұмыстарындағы Інжіл сюжеттері астарлы, ал сәуегейлер қазақ кейіптерінде бейнеленген.
Ақжананың шығармашылығы оның түсінігіндегі және қайта жаңғыртуындағы уақыт пен ойлылық сипаты терең түсінуге және нәзік сезіммен қабылдауға лайық. «Жетінші сезім» көрмесі – бұл сұлулық жайлы философиялық ой-толғамы, жан толғанысы. Әрбіріміз өз өміріміз туралы бір сәтке ойланып, «жетінші сезім» түйсігі арқылы айналамыздағы қоршаған күн сәулелі әлемнен, оның таңғажайып дүниелерінен рахаттануымыз керек.
Ақжана – кескіндеме (живопись) саласындағы өнер докторы. Оның жұмыстары Швейцария, Германия, АҚШ, Қазақстан және т.б. елдердің жеке коллекцияларынан орын алған.
Бұл көрменің бір ерекшелігі, суретші өзінің ArtWorks өнер туындыларын әрбір алғашқы 1000 келушіге тегін таратады! ArtWork сыйлығы – туынды авторының жеке қолтаңбасы бар бірегей өнер туындысы. Бұл акцияны Ақжана Қазақстанда кескіндеме өнерін көпшілікке кеңінен таныстыру үшін өткізуде.
Көрме бағдарламасында: салтанатты ашылу, жанды дауысты музыка, суретші Ақжан Абдалиеваның құттықтау сөзі, баспасөз конференциясы, дауысқа салу (шағын аукцион) және дәм мәзірі.
Көрме музейдің 3 - қабатындағы айналма галереясында орналасқан, көрме 2011 жылдың 2 қазанына дейін жалғасады