авто

Переключатель языков

03.04.2024 г. Геологтар күніне орай «Қазыналар әлеміне саяхат» көрмесі ашылады

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейінде 2024 жылдың 3 сәуір күні сағ. 15.00-де Геологтар күніне орай алғаш рет музей қорындағы геология коллекциясы негізінде «Қазыналар әлеміне саяхат» көрмесі ашылды.

Көрменің мақсаты – Геологтар күні қарсаңында Орталық музей қорындағы қойнауы асыл қазынаға толы Отанымыздың табиғи ресурстарын көрсету және оның әр алуандығын насихаттау арқылы жастардың ұлттық геологияны зерттеп, дамытуға деген қызығушылығын арттыру.

geologya01  geologya03 
 geologya02  geologya04
 geologya05  geologya06

Көрме экспозициясына Қазақстан территориясындағы кен орындарынан, атап айтқанда, Жезқазған, Соколов-Сарыбай, Қаражанбас, Текелі, Қарағанды, Риддер, Жезді, Зырян, Тасқайнар және басқа да кен орындарынан  алынып, 1935 жылдан 2011 жылға дейін музей қорына жинақталған 1253 сақтам бірлікті құрайтын геологиялық материалдардан іріктелген, ғылыми маңыздылығы жоғары әрі келушілердің қызығушылығын тудыратын 150-ден астам алтын дақтары бар кварц, топаз, аметист, халцедон сияқты жартылай бағалы тастар, малахит, флюорит, жадеит, азурит, циркон, нефрит, яшма, агат, нефрит, чароит және басқа да минералдар мен обсидиан, антрацит, грейзен, торф сияқты тау жынысының үлгілері  көпшілік назарына ұсынылды.

Қазақстан – жер шарында территориясының көлемімен ғана емес, табиғи ресурстарымен де танымал. Оның қойнауынан Менделеев кестесіндегі 118 элементтің 99-ы анықталған. Дүние жүзіндегі жетекші елдер ғалымдарының бағалауы бойынша Қазақстан табиғи ресурстар – мұнай, газ, титан, магний, қалайы, уран, алтын және басқа да түсті металдар қоры жағынан әлемде алтыншы орында тұр. Ал вольфрам өндірісі мен қоры бойынша бірінші, хром және фосфор кендері қоры бойынша екінші, қорғасын мен молибден бойынша төртінші, темір рудасының жалпы қоры бойынша сегізінші орында.

Геология жер қойнауына дендеп еніп, Жер-Ананың тылсым сырларына қанығудың, жаңалықтарды ашудың бірден-бір мүмкіндігі. Қазақстан геологиясының даму тарихы Қ.И. Сәтбаев, Ж.А. Айталиев, А.Қ. Қайыпов сынды отандық ғалымдардың есімімен тығыз байланысты. Бүкіл қоғам үшін қажетті ресурстарды іздеу, барлау және өндірумен шұғылданатын ғалымдардың ерен еңбегі нәтижесінде қазіргі таңда 6000 пайдалы қазба орындары ашылған. Олар ел экономикасын дамытудың негізгі көздері және әлемдік нарықта да маңызды рөл атқарады. Пайдалы қазбалар бүгінде энергия көзі ғана емес, сонымен қатар әртүрлі қорытпаларды, құрылыс материалдарын, химиялық заттарды және біздің күнделікті өмірімізге өте қажет басқа заттарды өндіруге арналған шикізат ретінде пайдаланылады.

Көрмені ҚР Мемлекеттік орталық музейінің директоры Рашида Ерімқызы салтанатты түрде ашты. Сондай-ақ Қ.И. Сәтбаев атындағы геология ғылымдары институтының директоры, геология-минералдар ғылымдарының докторы, профессор Герой Жолтайұлы және Қазақ Ұлттық Ғылым Академиясы Қ.И. Сәтбаев атындағы мемориалдық музей директорының орынбасары Бақытжамал Ахметқалиқызы мен Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық зерттеу университеті жанындағы тарихи музейдің бас маманы Аспандияр Әденұлы шараға арнайы қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінің қорындағы геология коллекциясы негізінде ұйымдастырылған «Қазыналар әлеміне саяхат» көрмесі енді тұрақты түрде көрермен назарына ұсынылады. Байтақ даламыздың жер қойнауынан табылған жауһарлармен танысқыңыз келсе, Орталық музейге асығыңыз! 

29.03.2024 ж. Композитор Александр Викторович Затаевичтің 155 жылдығына арналған мәдени іс-шара және «Дала әуенінің ізімен» көрмесі

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейінде музыкатанушы, этнограф, композитор, Қазақстанның халық әртісі Александр Викторович Затаевичтің туғанына 155 жыл толуына арналған «Қазақ ұлттық музыкасының майталманы» мәдени іс-шарасы және «Дала әуенінің ізімен» көрмесі ұйымдастырылды.

Поляк халқының біртуар ұлы А.В. Затаевич қазақтың халық әндері мен аспаптық музыкалық мұрасын қағазға

түсіруге орасан зор үлес қосқан тұлға. Сол кезеңдерде ел арасында «әншінің дауысын қағазға белгі ретінде түсіретін,

одан соң оны айнытпай орындап шығатын» адам туралы аңыз кең таралған еді. Ол Ертіс пен Орал, Қарқаралы мен

Қызылорда, Бөкей даласын, Орынбор мен Жетісу бөктерін ұзақ аралап, ән-күйлерді нотаға түсірді.

Шараны ҚР Мемлекеттік орталық музейінің ғылыми жұмыстар жөніндегі директор орынбасары Ғалия Теміртон ашты.

Сондай-ақ, Польша Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Юзеф Тымановски сөз сөйлеп: «Бүгінгі шара

Қазақстан мен Польша елі арасындағы мәдени ықпалдастықты дамытуға мүмкіндік береріне сенемін және әйгілі ғалым

қалдырған музыкалық мұра - қазақ ұлтының бай қазынасы. Сондықтан оның насихатталуы ел мәдениеті үшін өте маңызды»

екенін атап өтті.    

zataevich01  zataevich02 
 zataevich03  zataevich04
 zataevich05  zataevich06

Сонымен қатар, шара қонақтары Қазақстаннын еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының доценті, дәстүрлі әнші Еркін Шүкіман және Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының «Музыкатану» бөлімінің меңгерушісі Айнұр Қазтуғанова А.В. Затаевичтің еңбектеріне қатысты тың ақпараттармен бөлісті.

«Вензь поляк мәдениеті орталығы» қоғамдық бірлестігінің өкілдері қатысқан шарада Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенттері өнер көрсетті.

«Дала әуенінің ізімен» көрмесінде қала тұрғындары мен қонақтарының назарына музыкант-этнографтың жеке кешенінде сақталған фотоматериалдар, мақалалар, жинақтар мен кітаптар, түсініктемелер мен дала әуендерінің ноталық жазбалары ұсынылды. Олардың қатарында 1925 жылы Ә.Жангелдинге берген қолтаңбасы, «Қазақ халқының 1000 әні» (әндер мен әуендер), «Қазақтың 500 әні мен күйі» (әндер мен аспаптық пъесалар) жинағы, фотосуреттер ерекше атап өтуге тұрарлық. Сонымен қатар, қызы Ольга Затаевичтің Ахмет Жұбановқа жазған хатын және 1950 жылы академик А.Қ. Жұбанов жариялаған «А.В.Затаевич – қазақ халқының ән-күйінің бірінші жинаушысы» мақаласымен танысуға болады.

11.03.2024 ж. «Ойлар. Суреттер. Белгілер.» тұжырымдамалық көрмесінің ашылу салтанаты

«Ойлар. Суреттер. Белгілер.» тұжырымдамалық көрмесіҚазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық музейі 2024 жыл, 11-наурыз сағат 16.00-де Алматы қаласындағы халықаралық МИРАС мектебі оқушыларының «Ойлар. Суреттер. Белгілер.» тұжырымдамалық көрмесінің ашылу салтанатына шақырады.

Алматы қаласындағы MIRAS халықаралық мектебінің Дипломдық бағдарламасының 11-12 сынып оқушылары Бейнелеу өнері пәнін екі жыл бойы оқиды, олар әртүрлі өнер туындыларын талдап, заманауи әдіс-тәсілдерді зерттеп, өзекті тақырыптар бойынша өз бетінше көркем шығармалар жасауға үйренеді.

Суретшілер көрмеге 55-тен астам жұмыс ұсынады. Олардың әрқайсысында суретші өзін қызықтыратын мәселені зерттеп, тұжырымдамалық көзқарасын көрсетеді. Демек, сіз картиналарды, графиканы, фотосуреттерді, инсталляцияларды көріп қана қоймай, концептуалды идеялар әлеміне ене аласыз.

27.03.2024 ж. "Қазақстан графикасы" графикалық өнер туындылар көрмесі

ҚР Мемлекеттік орталық музейінде «Қазақстан графикасы» республикалық суретшілер көрмесі өтті.

grafica01 grafica02
grafica03 grafica04
grafica05 grafica06

Көрмеге Алматы, Астана, Павлодар, Көкшетау, Қарағанды, Теміртау, Шымкент, Тараз қалаларының суретшілері қатысып, ең таңдаулы шығармаларын ұсынды. Сондай-ақ атақты график суретшілер: Хашимжан Құрбанов, Жұмағазы Сағымбаев, Виктор Поликарпов, Манатбек Аманбаев, Георгий Макаров, Виктор Гуранда, Шоқан Төлеш, Асия Хайрулина, Ибрагим Кубеков, Лидия Дроздова, Марлан Нысанбаев, Ерлан Қожағұлов, Бақытжан Мәншүк, Бейсебек Ақанаев, Шайзада Байкенова, Ахмет Ахат, Виктор Гуранда, Фатима Тарази, Тоққожа Қожағұлов, Аманат Назарқұл, Игорь Гущин, Ерсін Темірғалиев және Қазақстанның басқа да танымал суретшілерінің 150-ден астам туындылары қойылды. Графикалық композициялардың мазмұны жобадағы көп қырлы көрсетілім тұрғысынан да қызықты. Әдетте, графикалық кескіндер қағазда ғана емес, басқа графикалық құралдарды пайдалана отырып, кенепте, жібекте сәнді классикалық техникамен әртүрлі аралас әдістерде орындалған. Дарынды қылқалам шеберлерінің символдық графикалық бейнелері музей қонақтарының көңілінен шығады деп сенеміз.

6.03.2024 ж . Бір Шаңырақ астында

2024 жыл, 6-наурыз күні, сағат 16.00-де ҚР Мемлекеттік орталық музейі Наурыз мерекесіне арналған «Бір Шаңырақ астында» бейнелеу және қолданбалы өнер туындылар көрмесінің ашылуына шақырады!

Наурыз – Орталық Азияның көптеген елдерінде атап өтілетін Ұлттық мереке және Жер бетіндегі көне мейрамдардың бірі. «Наурыз» сөзінің «жаңа күн» немесе «жылдың басы» ретінде тойлануының символдық мәні бар. Бұл мереке жаңа өмірдің бастауын білдіреді. Осы күні көптеген түркі халықтары жаңа басталған жылдан береке мен молшылық тілей отырып, ізгі амалдар жасайды.

Бейнелеу және қолданбалы өнер туындыларының «Бір Шаңырақ астында» көрмесінде Наурыз рухын, көктемнің көркем көрінісін және қазақ халқының мәдениеті мен тұрмысының ерекшеліктерін бейнелеген Қазақстанның аса танымал суретшілерінің шығармашылық жұмыстарын бір арнаға тоғыстырдық.

Экспозицияда Майса Ықласова, Полина Крутова, Анна Петракова, Елена Панина, Диана Шайхеслямова, Лариса Логвинова, Динара Закарадзе, Лаура Сатпаева, Елена Попова, Ержан Бұхарбаев, Дина Гаитова, Вера Малышева, Ольга Джанабаева, Арина Зырянова, Елена Белова, Перизат Есназарова, Ульяна Распутина, Күмісай Шарипова, Елена Семёнова, Алтынай Шарипова, Гауһар Жүнісова, Салтанат Жапарова, Ольга Салькова, Максим Ведерников, Евгения Ведерникова, Айгерім Орал, Арина Зырянова, Жарас Мамырбаев, Лаура Сатпаева, Ақмарал Қажыбек, Мурат Маскеев, Сәуле Жұмашева, Галина Шепелева, Светлана Савчук, Юлия Волошина, Алиса Меңдіғалиева, Анастасия Рыбалова, Елена Фурса, Татьяна Фисенко, Жанна Сергеева, Георгий Ли, Сарвар Накисбекова, Толқын Қалимова, Анна Чернышева, Қанат Садуақасов, Атабек Бекбулатов және басқа да суретшілер мен қолөнершілердің шығармалары көрермен назарына ұсынылады. Олардың әрқайсысы өнер әлемінде өз қолтаңбалары қалыптасқан майталмандар. Көмеден заманауи интерпретациялардан тоқылған шығармаларды да тамашалай аласыздар.

«Бір Шаңырақ астында» көрмесі – отандық сурет өнерінің алуан түрлілігі мен тереңдігін паш ететін аса ауқымды шара.

 

 

 

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source