29.03.2024 ж. Композитор Александр Викторович Затаевичтің 155 жылдығына арналған мәдени іс-шара және «Дала әуенінің ізімен» көрмесі
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі 2024 жылдың 29 наурызы күні сағ. 15.00-де музыкатанушы, этнограф, композитор, Қазақстанның халық әртісі Александр Викторович Затаевичтің туғанына 155 жыл толуына арналған «Қазақ ұлттық музыкасының майталманы» мәдени іс-шарасын және «Дала әуенінің ізімен» көрмесін ұйымдастырады.
Поляк халқының біртуар ұлы А.В. Затаевичтің еңбегі арқасында
қазақ халқының әндері мен аспаптық музыкалық мұрасы қағазға түсірілді.
Сол заманда естіген дауысын қағазға белгі ретінде түсіретін, содан соң оны
айнытпай орындап шығатын адам туралы аңыз халық арасында кең таралған еді.
Ол Ертіс пен Орал, Қарқаралы мен Қызылорда, Бөкей даласын, Орынбор мен Жетісу
бөктерін ұзақ аралап, ән-күйлерді нотаға түсірді.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейінің «Дала әуенінің ізімен» көрмесінде қала тұрғындары мен қонақтарының назарына музыкант, этнографтың жеке кешенінде сақталған фотоматериалдар, мақалалар, жинақтар мен кітаптар, түсініктемелер мен дала әуендерінің ноталық жазбалары ұсынылады. Олардың қатарында 1925 жылы Ә.Жангелдинге берген қолтаңбасы, «Қазақ халқының 1000 әні» (әндер мен әуендер), «Қазақтың 500 әні мен күйі» (әндер мен аспаптық пъесалар) жинағы, фотосуреттер ерекше атап өтуге тұрарлық. Сонымен қатар, қызы Ольга Затаевичтің Ахмет Жұбановқа жазған хатын және 1950 жылы академик А.Қ. Жұбанов жариялаған «А.В.Затаевич – қазақ халқының ән-күйінің бірінші жинаушысы» мақаласымен танысуға болады.
Іс-шара қонақтары: Польша Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Юзеф Тымановски, «Вензь поляк мәдениетінің орталығы» қоғамдық бірлестігінің өкілдері, Қазақстаннын еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мәдениет қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының доценті, дәстүрлі әнші Еркін Шүкіман, Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының «Музыкатану» бөлімінің меңгерушісі, музыкатану ғалымының кандидаты, доцент Айнұр Қазтуғанова, Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, өнертану ғылымдарының кандидаты, доцент Ақлима Омарова, Т.Жүргенов ұлттық өнер академиясының «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасының меңгерушісі Нартай Бекмолдинов. Шарада Т.Жүргенов ұлттық өнер академиясының студенттері өнер көрсетеді.
27.03.2024 ж. "Қазақстан графикасы" графикалық өнер туындылар көрмесі
ҚР Мемлекеттік орталық музейінде «Қазақстан графикасы» республикалық суретшілер көрмесі өтті.
Көрмеге Алматы, Астана, Павлодар, Көкшетау, Қарағанды, Теміртау, Шымкент, Тараз қалаларының суретшілері қатысып, ең таңдаулы шығармаларын ұсынды. Сондай-ақ атақты график суретшілер: Хашимжан Құрбанов, Жұмағазы Сағымбаев, Виктор Поликарпов, Манатбек Аманбаев, Георгий Макаров, Виктор Гуранда, Шоқан Төлеш, Асия Хайрулина, Ибрагим Кубеков, Лидия Дроздова, Марлан Нысанбаев, Ерлан Қожағұлов, Бақытжан Мәншүк, Бейсебек Ақанаев, Шайзада Байкенова, Ахмет Ахат, Виктор Гуранда, Фатима Тарази, Тоққожа Қожағұлов, Аманат Назарқұл, Игорь Гущин, Ерсін Темірғалиев және Қазақстанның басқа да танымал суретшілерінің 150-ден астам туындылары қойылды. Графикалық композициялардың мазмұны жобадағы көп қырлы көрсетілім тұрғысынан да қызықты. Әдетте, графикалық кескіндер қағазда ғана емес, басқа графикалық құралдарды пайдалана отырып, кенепте, жібекте сәнді классикалық техникамен әртүрлі аралас әдістерде орындалған. Дарынды қылқалам шеберлерінің символдық графикалық бейнелері музей қонақтарының көңілінен шығады деп сенеміз.
6.03.2024 ж . Бір Шаңырақ астында
2024 жыл, 6-наурыз күні, сағат 16.00-де ҚР Мемлекеттік орталық музейі Наурыз мерекесіне арналған «Бір Шаңырақ астында» бейнелеу және қолданбалы өнер туындылар көрмесінің ашылуына шақырады!
Наурыз – Орталық Азияның көптеген елдерінде атап өтілетін Ұлттық мереке және Жер бетіндегі көне мейрамдардың бірі. «Наурыз» сөзінің «жаңа күн» немесе «жылдың басы» ретінде тойлануының символдық мәні бар. Бұл мереке жаңа өмірдің бастауын білдіреді. Осы күні көптеген түркі халықтары жаңа басталған жылдан береке мен молшылық тілей отырып, ізгі амалдар жасайды.
Бейнелеу және қолданбалы өнер туындыларының «Бір Шаңырақ астында» көрмесінде Наурыз рухын, көктемнің көркем көрінісін және қазақ халқының мәдениеті мен тұрмысының ерекшеліктерін бейнелеген Қазақстанның аса танымал суретшілерінің шығармашылық жұмыстарын бір арнаға тоғыстырдық.
Экспозицияда Майса Ықласова, Полина Крутова, Анна Петракова, Елена Панина, Диана Шайхеслямова, Лариса Логвинова, Динара Закарадзе, Лаура Сатпаева, Елена Попова, Ержан Бұхарбаев, Дина Гаитова, Вера Малышева, Ольга Джанабаева, Арина Зырянова, Елена Белова, Перизат Есназарова, Ульяна Распутина, Күмісай Шарипова, Елена Семёнова, Алтынай Шарипова, Гауһар Жүнісова, Салтанат Жапарова, Ольга Салькова, Максим Ведерников, Евгения Ведерникова, Айгерім Орал, Арина Зырянова, Жарас Мамырбаев, Лаура Сатпаева, Ақмарал Қажыбек, Мурат Маскеев, Сәуле Жұмашева, Галина Шепелева, Светлана Савчук, Юлия Волошина, Алиса Меңдіғалиева, Анастасия Рыбалова, Елена Фурса, Татьяна Фисенко, Жанна Сергеева, Георгий Ли, Сарвар Накисбекова, Толқын Қалимова, Анна Чернышева, Қанат Садуақасов, Атабек Бекбулатов және басқа да суретшілер мен қолөнершілердің шығармалары көрермен назарына ұсынылады. Олардың әрқайсысы өнер әлемінде өз қолтаңбалары қалыптасқан майталмандар. Көмеден заманауи интерпретациялардан тоқылған шығармаларды да тамашалай аласыздар.
«Бір Шаңырақ астында» көрмесі – отандық сурет өнерінің алуан түрлілігі мен тереңдігін паш ететін аса ауқымды шара.
11.03.2024 ж. «Ойлар. Суреттер. Белгілер.» тұжырымдамалық көрмесінің ашылу салтанаты
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық музейі 2024 жыл, 11-наурыз сағат 16.00-де Алматы қаласындағы халықаралық МИРАС мектебі оқушыларының «Ойлар. Суреттер. Белгілер.» тұжырымдамалық көрмесінің ашылу салтанатына шақырады.
Алматы қаласындағы MIRAS халықаралық мектебінің Дипломдық бағдарламасының 11-12 сынып оқушылары Бейнелеу өнері пәнін екі жыл бойы оқиды, олар әртүрлі өнер туындыларын талдап, заманауи әдіс-тәсілдерді зерттеп, өзекті тақырыптар бойынша өз бетінше көркем шығармалар жасауға үйренеді.
Суретшілер көрмеге 55-тен астам жұмыс ұсынады. Олардың әрқайсысында суретші өзін қызықтыратын мәселені зерттеп, тұжырымдамалық көзқарасын көрсетеді. Демек, сіз картиналарды, графиканы, фотосуреттерді, инсталляцияларды көріп қана қоймай, концептуалды идеялар әлеміне ене аласыз.
14.02.2024 ж. «Жанымды жаралаған Ауғанстан» көрмесі
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейінде Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына арналған «Жанымды жаралаған Ауғанстан» көрмесі ашылды.
Көрменің ашылу салтанатында Қазақстан Реcпубликасы Мемлекеттік Орталық музейі директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары – Ғалия Теміртонқызы сөз сөйлеп, шараға жиналған ауған соғысы ардагерлеріне деген шынайы құрметін жеткізді.
Сондай-ақ ауған соғысы Ардагерлері үйлестіру кеңесінің төрағасы Мұрат Мұхтарұлы, генерал-майор Марат Әлімжанұлы, Чернобыль ардагерлер одағының төрағасы Төреғалиев Халел Мұхитұлы қарулас достарының майдан даласындағы ерен ерліктерін баяндады.
Көрмеге музей қорынан 100-ден аса экспонат қойылды. Олардың қатарында интернационалист Серік Тұқымбекұлының, Батыржан Шалгымбаевтың, Найля Кабдыкарымқызының жеке фотосуреттері мен құжаттары, сондай-ақ майдангерлердің туыстарына арнап жазған хаттары, кітаптар мен әскери тақырыпқа тиесілі жәдігерлер қойылды. Көрмеге келушілерді кеңес жауынгерлері мен офицерлерінің, сондай-ақ олардың қарсыластарының әскери киім-мүліктері айрықша қызықтырғаны сөзсіз.
Ауғанстанда КСРО-ның 620 мыңға жуық, соның ішінде қазақстандық 22 мың адам әскери қызметтерін өтеді. Соның ішінде қазақстандық 924 адам қаза тапты. Шайқас шебінде соғысты тұтандырушылар емес, майдандағы жауынгерлер қаза болды. Біздің көрмеміз нақ осылар хақында.
Көрменің мақсаты – Ауғанстан соғысы туралы шындықты жеткізу, жауынгерлер мен жастардың жаңа лек ұрпағын Ауғанстанда шайқасқан солдаттар мен офицерлердің патриоттық үлгісінде тәрбиелеу, сондай-ақ, соғыс саяси проблемаларды шешудің тәсілі емес екендігін ұғындыру.
Тағы мақалалар...
- 17.01.2024 ж. Халық жүрегіндегі қаһарман
- 12.01.2024 ж.ҚР Мемлекеттік орталық музейінде екі бірдей монографиялық еңбектің тұсаукесер рәсімі өтті
- 05.01.2024 ж . Қазақ-Қырғыз халықаралық қолөнер шеберлері, кәсіби суретшілер мен көркем еңбек пәнінің педагогтарының арасындағы мәдени құнлылықтарды насихаттау, креативті индустрияны дамыту, өзара тәжірибе алмасу және Шығыстың шеберлері
- 23.12.2023 ж . Түркия ғасыры: Ата-бабаларының отанындағы Анадолы әйнектері, керамикасы және өрнектері көрмесі