авто

Переключатель языков

13.05.2019 ж. «Түрік шеберлерінің мозаика өнері / SEHER ALTINER & MOSAIC ALMATY GROUP» атты көрмесі

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі 2019 жылдың 13 мамыр күні сағат 15.00-де «Түрік шеберлерінің мозаика өнері / SEHER ALTINER & MOSAIC ALMATY GROUP» атты көрмесін ашады.

«Mosaic Almaty Group» 2017 жылы шебер Сехер Алтынердің бастамасымен құрылды. Бірнеше жылдар бойы ұжымдаса еңбектеніп жүрген мамандар мозаика өнеріне тән стиль, сарын, жұмыс техникасы, әрлеу т.б. қыр-сырын меңгеруде.

 «Түрік шеберлерінің мозаика өнері / SEHER ALTINER & MOSAIC ALMATY GROUP» атты көрмесіКөрмеге қатысушылар қатарында: Сехер Алтынер, Аслы Жанлыель, Нильгюн Гекташ, Пелин Толедо Сейхан, Елена Джан сынды өнер шеберлері бар. Шеберлер қандай-да бір өнер туындысын жарыққа шығару барысында түрлі материал, көлемді, ламинатталған шыны, итальяндық шыны, тас, мәрмәр, қыш, полиэстер, түйме, кофе дәні, айна, түрлі аксессуар, бисер және т.б. материалдарды пайдаланады. «Mosaic Almaty» тобының соңғы үш жылда атқарған жемісті еңбегінің нәтижесінде орындалған бірсыпыра шығармасы алғаш рет «Түрік шеберлерінің мозаика өнері» көрмесінде келушілер назарына ұсынылады. Танымал өнер жанры – түрік мозаикасы б.з.д. 300 ғасырлардан бастау алады.

Картиналар мен әр алуан сәндік бұйымдар ертеден ақ мәнерлілігі, көз жауын алар көркемдігімен сарай, храм, шіркеулердің сән-салтанатын асқақтатты. Алтын ғасыр тұсында бұл өнер Рим, Византия империялары көлемінде кең танылып зәулім ғимараттардың еден, төбе, қабырғаларын безендіру үшін қолданылды. Мысалы, қызғалдақтармен безендірілген әйгілі қыш кесінділерінен құрылған мозаика алғаш Түркияда пайда болды. Байырғы түрік тұрғындары сәндік бұйымдарында көбінесе көкөніс өрнегін қолданған. Барынша танымал және көне мозаика үлгілерін Газентепе, Хатай (Түркия), Равенна (Италия), Бардо (Тунис), Парк Гуел (Испания) және Иерусалим (Израиль) елдерінен кездестіруге болады. Қазіргі уақытта әлемнің көптеген елдерінде мозаика өнеріне деген қызығушылық артып келеді, сонымен қатар мозаикалы текше және басқа да өнер туындыларын жасау технологиясы жетілдірілу үстінде.

Ежелгі грек мифінің мақамы бойынша Мона Лизаның аналогы ретінде табиғи тастың өте майда түйірлерінен құралған, бүгінде Византия өнерінің үлгісі әрі Түркиядағы мозаика музейінің символы саналатын бүкіл әлемге әйгілі «Цыган қызы» туындысы мозаика өнерінің символына айналды.

Сехер Алтынер бастаған топ шеберлері «Цыган қызы» кескіндемесінің репродукциясын алғаш рет көрме экспозициясына ұсынады.

Сехер Алтынердің туған жері Стамбул қаласы, мамандығы бойынша археолог әрі суретші. Сехер «Филипп Моррис» компаниясының қаржы бөлімінде бірнеше жыл қызмет атқарды, бұдан кейін шығармашылықпен, тікелей мозаика өнерімен айналысып, Измир студияларында мозаика құрудың қыр-сырын меңгерді, Италияда мозаиканың ежелгі византиялық техникасын зерттеп, Равеннада (Италия, Эмилия-Романа облысы) көркем-өнер саласы бойынша білім алды. Ол өз шығармашылығында Ван Гог, Микеланджело, Климт, Вермеер және Ботичелли сынды танымал суретшілердің шығармаларына жүгінеді.

Қазіргі уақытта Алматыда қызмет атқарып жүрген топ жетекшісі Сехер мен оның шәкірттері (Түркиядан) шығармашылығын жетілдірумен қатар мозаика өнеріне қызығушылық танытушыларды осы өнерге машықтандырады.

Көрмеде мозаика өнерінің 50-ден астам туындысы ұсынылады.

Көрме 2019 жылдың 20 мамырына дейін жалғасады.

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source