авто

Переключатель языков

11.04.2019 ж. Ағайынды Күлменовтердің жеке коллекциясы негізінде ұйымдастырылған "Мұздай темір құрсанып..." атты көрмесі.

«Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасын іске асыру аясында 2019 жылдың 11 сәуір күні сағат 11.00-де Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі Алматы қаласының Жетісу әкімдігімен бірлесіп, ағайынды Күлменовтердің "Мұздай темір құрсанып..." атты көрмесін ашады.

"Мұздай темір құрсанып..." атты көрмесіАғайынды Күлменовтер – Махмұт, Тұрсынжан, Айтберген – Қазақстан Дизайнерлер Одағының мүшелері, ҚР қазіргі заманғы қару өнерінің негізін қалаушылары, XII Дүниежүзілік жастар және студенттер фестивалінің лауреаттары (Мәскеу қ., 1985 ж.), «Дизайн кеше, бүгін, ертең» Республикалық конкурсының I дәрежелі дипломанттары (Алматы, 1999 ж.). Олардың жұмыстары ҚР Мәдениет және Ақпарат министрлігінің мемлекеттік бағдарламасының тапсырысымен «Өнер» баспасы шығарған "Темірші — Кузнецы" альбомына енген (Алматы қ. 2006 ж.).

Күлменовтер шығармашылықпен ғана емес, ғылыми жұмыспен де айналысады. Олардың жетекшілігімен "Көк бөрі" республикалық ғылыми-зерттеу және қолөнер шеберханасы құрылды, онда студенттер сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарын дайындаудың және металды өңдеудің ежелгі технологияларын жаңғырту әдістемесін зерттейді. Ағайындылар "ЭКСПО-2017 – этноауыл", "Қазақ хандығының 550 жылдығы", "Алматы күні – 2015" мемлекеттік, ғылыми, тарихи-этнографиялық жобаларды іске асыруға белсенді қатысты. 40 жылдық ғылыми-зерттеу және практикалық жұмыстары үшін, ағайынды ұсталар ҚР Мәдениет және Ақпарат Министрлігінің "Мәдениет қайраткері" белгісімен марапатталған (2007 ж.). Сондай-ақ, оларға "Түркі әлеміне сіңірген еңбегі үшін" халықаралық атағы берілді (Түркия, 2008 ж.). 

2000 жылы Күлменовтердің эскизі бойынша, ҚР Мәдениет және өнер қайраткерлеріне тапсырылатын "Алмас қылыш" наградасы құйылып жасалды.

Олар қару-жарақ, оқ-дәрілер, ұлттық музыкалық аспаптар ("Отырар сазы", "Мұрагер", "Сазген", "Адырна" фольклорлық оркестрлері үшін), ұлттық сәндік-қолданбалы өнер заттарын ("Батыр Исатай Тайманұлы", "Есет батыр", "Райымбек батыр", "Қобыланды батыр" музейлері үшін, сондай-ақ еліміздің көптеген облыстық, өлкетану музейлері үшін) жасаған, қалпына келтірген, қайта жаңғыртқан. Ағайынды Күлменовтердің қолөнер жұмыстары республикамыздың 16 облысының музейлерінде және шетелдік жеке коллекциясында сақталған.

Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасының желісімен 1993 жылы түсірілген көркем фильмге арнап қару-жарақ пен сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарын жасаған.

«Мұздай темір құрсанып...» атты көрмесіне ағайындылардың жеке коллекцияларынан алынған 80-нен астам жұмыстары ұсынылмақ: қару-жарақ, ежелгі жауынгерлердің сауыт-саймандары, музыкалық құралдары және басқа да тұрмыстық бұйымдары.

Күлменовтердің шығармашылығы туралы шетелдік журналистер (Франция, АҚШ, Германия, Венгрия, Тунис, Түркия, Польша) көптеген ғылыми-деректі фильмдер түсірген.

Көрме 2019 жылдың 30 сәуіріне дейін жалғасады

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source