авто

Переключатель языков

12.07.2021ж. Аса көрнекті халық ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің туғанына 180 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Ұстаз ұлағаты» көрмесі

2021-жылдың 12-шілдесі күні сағат 16.00.-де Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде «Ұстаз ұлағаты» атты көрме ашылады.

Аса көрнекті халық ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің (1841-1889) туғанына 180 жыл толуына орай оның өмірі мен шығармашылық мұрасын насихаттау әрі дәріптеу мақсатында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде «Ұстаз ұлағаты» атты арнайы көрме ұйымдастырлып отыр.

«Ұстаз ұлағаты» атты көрмеЫбырай Алтынсарин (1841-1889) қазақ халқының қоғамдық ой-пікірі, мәдениеті мен әдебиеті тарихында жаңашыл-педагог, жаңа мектептердің ұйымдастырушысы, этнограф, фольклоршы, ақын, прозашы және орыс классиктері туындыларының аудармашысы ретінде танылған бірегей тұлғалардың бірі.

Ойшыл ұстаз білім беру саласында орыс-қазақ мектептерінің оқушыларына арнап жазған «Қырғыз (қазақ) хрестоматиясы» және «Қырғыздарға (қазақтарға) орыс тілін үйретуге алғашқы басшылық» атты екі оқу құралы, «Бір уыс мақта», «Қисық ағаш», «Таза бұлақ», «Шеше мен бала», «Ақымақ дос», «Тазша бала», «Қыпшақ Сейітқұл», «Талаптың пайдасы», «Бақша ағаштары», «Асыл шөп», «Мейірімді бала», «Дүние қалай етсең табылады», «Жиренше шешен», «Бай мен жарлы баласы», «Әке мен бала», «Мақта қыз бен мысық» сияқты мысал әңгімелері, «Кел балалар оқылық», «Өнер-білім бар жұрттар», «Өзен», «Жаз» және т.б. өлеңдерімен кеңінен танымал.

Аталмыш көрменің негізгі жәдігері ретінде ағартушының Уақбаев Серік Жамантайұлы есімді жерлесі тарапынан музей қорына 1989 жылы өткізілген жеке қалта сағатын («Павел Буре» зауыты) ерекше атауға болады. Жары Айғаныс, ұлдары Абдолла мен Әбдірахман, қызы Шәрипа және немересі Нағима Абдолқызының, ұстаздық қызметтің әр жылдары туған өңірінде салдырған оқу орындарының (мектептер, интернаттар, училищелер) түпнұсқа фотосуреттері (1959 жылы ҚР Мемлекеттік орталық музейінің Қостанай облысы, Амангелді ауданына жасаған экспедициясы кезінде жинақталған) және көшірме суреттерде де осы экспозиция төрінен орын алған.

Ағартушының Орынбор қаласында өзі негізін қалаған мектепке қабылданған қазақ балаларының алуан түрлі мәселелерін қозғап 1864 жылы Н.И. Ильминскийге (1822-1891), 1880 жылы Сыртқы Істер Министрлігінің Орынбор генерал-губернаторына жазған хаттары, газетке бастыруға дайындаған 4 беттік қолжазбасы, Торғай өңірінде 1884 жылы болыстық мектептер салу жөніндегі мәліметтер және жат жұрт балалары үшін бастауыш мектептер ашу туралы ережелердің көшірмелері (1986 ж. ҚазССР Ғылым Академиясы кітапханасының сирек кездесетін қолжазбалар мен басылымдар бөлімінен алынған) көрменің деректік арқауын арттыра түспек.

Ы. Алтынсариннің Қостанайдағы екі сыныптық училищенің оқушыларымен бірге түскен, Обаған болыстық және өзі ашқан мектептердің шәкірттерінің, ағартушының хаттарын зерттеген Бекежан Сүлейменовтың (1912-1984), ізбасарлары Әбдіғали (1866-1942) мен Ахмет Балғымбаевтар, Нәзипа Құлжанованың (1887-1934) фотосуреттерін де осы экспозициядан тамашалауға болады.

XIX-ғасырдың аяғында Қазақ даласының Батыс аймағында және Жетісу өңірінде мектептер салдырып, қазақ балаларының мұсылманша және орыс-қазақ тілдерінде білім алуына жол ашқан алғашқы шүлеңгерлер (меценаттар) Жәңгір хан (1801-1845) мен Есенқұл Маманов (18881932-) және ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов (1872-1937) кескіндеріне, туысқаны Халық жазушысы, көрнекті ақын Мәриям Хакімжанованың (1906-1995) жеке кешеніне арнайы витриналар арналып отыр.

Сондай-ақ өз заманының асқан қайраткері болған педагогтің өмірі мен шығармашылығына қатысты музей кітапхансынан алынған басылымдар, әулеттік шежіре, ұстаз ашқан оқу орындарының картасы, шәкірт киімінің атрибуттары, араб әліпбиі жазылған жылқы жауырыны, сиясауыт пен қауырсын, Қостанай өңірінің Ақсуат ауылындағы С. Көбеев атындағы мектептің қоңырауы (музейге 1976 ж. түскен) және т.б. иллюстрациялық материалдар көрменің композициялық мән-маңызын толықтыра түсетіні айқын.

Саналы ғұмырын қазақ балаларын білім нәрімен сусындату жолына арнаған ағартушының өмірі мен мұрасы кейінгі ұрпақ үшін өр әділеттілік пен зор адамгершілікті және асқақ рух пен кемел парасаттылықты үздіксіз дәріптеудің әрқашанда жарқын үлгісі бола бермек.

Сіздердің назарларыңызға ұсынылып отырған аталмыш көрме 4-залдың оң жақ бұрышындағы алаңда орналасқан.

Көрме 2021 жылдың 30 қыркүйегіне дейін жалғасады.

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source