авто

Переключатель языков

24.09.2021 ж. «КИІМНІҢ КИЕЛІСІ – КИМЕШЕК» атты көрмесі

Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Орталық музейінде 2021 жылы 24 қыркүйекте сағат 15.00. – де «КИІМНІҢ КИЕЛІСІ – КИМЕШЕК» көрмесі ашылады.

afisha-kimeshek2021Көрмеде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Орталық музей қорындағы ХІХ ғ. екінші жартысы - ХХ ғ. Қазақстанның әр өңірінен жинақталған қазақ әйелдерінің кимешектері мен оны безендірілуге арналған зергерлік бұйымдар қойылды. Соның ішіндегі көнесі - Қарағанды өңірінен 200 жылға жуық тарихы бар, 1985 ж. Ш. Сапаховадан алынған кимешек.

Кимешек Орталық Азия әйелдеріне тән бас киім және жалпы кимешектің 16 (он алты) түрі белгілі болса, оның 12 (он екі) түрі Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музей қорында сақталған.

Көрменің мақсаты: қазақ халқының дәстүрлі мәдениетінің тамырын сақтап және дамыта отырып, болашақ ұрпақтың рухани, мәдени кеңестігін, ұлттық сана-сезімін және рухани иммунитетін қалыптастыру. ҚР МОМ қорындағы кимешектердің түрлері арқылы көпшілікке кеңінен таныстыру және насихаттау. Сонымен қатар, музей қызметкерлерінің «Кимешек» ұлттық киім үлгісіне жүргізілген тарихи-этнографиялық ғылыми-зерттеулер барысындағы «Қазақтың дәстүрлі киім-кешегі» (2009 ж.) ғылыми каталогы мен «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдармен атауларының дәстүрлі жүйесі» (2017 ж., 1-5 том) ғылыми еңбектерінің ерекше үлесін атап өту.

Кимешектің тек қазақ әйелдеріне тән бас киім болып қалыптасуына экологиялық ахуал мен көшпелі өмір салтының өзіндік ерекшеліктері әсер еткен. Сондай-ақ, кимешекте дәстүрлі қоғамда қалыптасқан әйел адамдарға деген моральдық-этикалық нормалар мен салт-дәстүр талаптары да ескеріледі.

Кимешек әр аймақтың тұрмыс қажеттілігінен туындағанын, ортақ өндірістік қатынастардың болмағанын ескерсек, сырт көзге ғана бөлек болып көрінгенімен, негізгі ұстанымы ортақ. Яғни, мәні сақталады, сәні уақыт үрдісіне, жеке ісмердің шеберлік деңгейіне, ой-қиялы мен өресіне сай өзгереді. Алайда, басты қағидасы бұзылмайды. Қыста суықтан, жазда ыстықтан қорғайтын, ұрпағының алдында мәртебені асыратын, жүзіне иман ұялататын ақ жаулықты аналардың киелі кимешегі болашақтың мұрасы болары сөзсіз.

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source