авто

Переключатель языков

2024 жыл, 6-наурыз күні, сағат 16.00-де ҚР Мемлекеттік орталық музейі Наурыз мерекесіне арналған «Бір Шаңырақ астында» бейнелеу және қолданбалы өнер туындылар көрмесінің ашылуына шақырады!

Наурыз – Орталық Азияның көптеген елдерінде атап өтілетін Ұлттық мереке және Жер бетіндегі көне мейрамдардың бірі. «Наурыз» сөзінің «жаңа күн» немесе «жылдың басы» ретінде тойлануының символдық мәні бар. Бұл мереке жаңа өмірдің бастауын білдіреді. Осы күні көптеген түркі халықтары жаңа басталған жылдан береке мен молшылық тілей отырып, ізгі амалдар жасайды.

Бейнелеу және қолданбалы өнер туындыларының «Бір Шаңырақ астында» көрмесінде Наурыз рухын, көктемнің көркем көрінісін және қазақ халқының мәдениеті мен тұрмысының ерекшеліктерін бейнелеген Қазақстанның аса танымал суретшілерінің шығармашылық жұмыстарын бір арнаға тоғыстырдық.

Экспозицияда Майса Ықласова, Полина Крутова, Анна Петракова, Елена Панина, Диана Шайхеслямова, Лариса Логвинова, Динара Закарадзе, Лаура Сатпаева, Елена Попова, Ержан Бұхарбаев, Дина Гаитова, Вера Малышева, Ольга Джанабаева, Арина Зырянова, Елена Белова, Перизат Есназарова, Ульяна Распутина, Күмісай Шарипова, Елена Семёнова, Алтынай Шарипова, Гауһар Жүнісова, Салтанат Жапарова, Ольга Салькова, Максим Ведерников, Евгения Ведерникова, Айгерім Орал, Арина Зырянова, Жарас Мамырбаев, Лаура Сатпаева, Ақмарал Қажыбек, Мурат Маскеев, Сәуле Жұмашева, Галина Шепелева, Светлана Савчук, Юлия Волошина, Алиса Меңдіғалиева, Анастасия Рыбалова, Елена Фурса, Татьяна Фисенко, Жанна Сергеева, Георгий Ли, Сарвар Накисбекова, Толқын Қалимова, Анна Чернышева, Қанат Садуақасов, Атабек Бекбулатов және басқа да суретшілер мен қолөнершілердің шығармалары көрермен назарына ұсынылады. Олардың әрқайсысы өнер әлемінде өз қолтаңбалары қалыптасқан майталмандар. Көмеден заманауи интерпретациялардан тоқылған шығармаларды да тамашалай аласыздар.

«Бір Шаңырақ астында» көрмесі – отандық сурет өнерінің алуан түрлілігі мен тереңдігін паш ететін аса ауқымды шара.

 

 

 

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейінде Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына арналған «Жанымды жаралаған Ауғанстан» көрмесі ашылды.

Көрменің ашылу салтанатында Қазақстан Реcпубликасы Мемлекеттік Орталық музейі директорының  ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары – Ғалия Теміртонқызы сөз сөйлеп, шараға жиналған ауған соғысы ардагерлеріне деген шынайы құрметін жеткізді. 

Сондай-ақ ауған соғысы Ардагерлері үйлестіру кеңесінің төрағасы Мұрат Мұхтарұлы, генерал-майор Марат Әлімжанұлы,  Чернобыль ардагерлер одағының төрағасы Төреғалиев Халел Мұхитұлы  қарулас достарының майдан даласындағы  ерен ерліктерін баяндады. 

Көрмеге музей қорынан 100-ден аса экспонат қойылды. Олардың қатарында  интернационалист Серік  Тұқымбекұлының, Батыржан Шалгымбаевтың,  Найля  Кабдыкарымқызының жеке фотосуреттері  мен құжаттары, сондай-ақ  майдангерлердің туыстарына арнап жазған хаттары, кітаптар мен әскери тақырыпқа тиесілі жәдігерлер қойылды. Көрмеге келушілерді кеңес жауынгерлері мен офицерлерінің, сондай-ақ олардың қарсыластарының әскери киім-мүліктері айрықша қызықтырғаны сөзсіз. 

Ауғанстанда КСРО-ның 620 мыңға жуық, соның ішінде қазақстандық 22 мың адам әскери қызметтерін өтеді. Соның ішінде қазақстандық 924 адам қаза тапты.  Шайқас шебінде соғысты тұтандырушылар емес, майдандағы жауынгерлер қаза болды. Біздің көрмеміз нақ осылар хақында.

Көрменің мақсаты – Ауғанстан соғысы туралы шындықты жеткізу, жауынгерлер мен жастардың жаңа лек ұрпағын Ауғанстанда шайқасқан солдаттар мен офицерлердің патриоттық үлгісінде тәрбиелеу, сондай-ақ, соғыс саяси проблемаларды шешудің тәсілі емес екендігін ұғындыру. 

 

 afganistan2024 afganistan2024 
 afganistan2024  afganistan2024
 afganistan2024  afganistan2024

 

 

 

Алғашқысы «Деньги на «Шелковом пути» (территория Казахстана, XIII-XIV вв.) деген атаумен жарық көрді. Авторлары Музейлік деректану және қолжазба бөлімінің ғалымдары Павел Николаевич Петров, Нұрлан Әділбекұлы Атығаев және Жасұлан Мәзуләұлы Белтенов.

Ұжымдық монография қазіргі Қазақстан аумағы арқылы өткен керуен жолдарында орналасқан XIII-XIV ғасырлардағы елді мекендердің монета айналымы мен монета ісі негізінде «Жібек жолы» трассаларының белсенділігін зерттеуге арналған. Кітап 3 тараудан тұрады.

Ал екінші жеке монографиялық еңбектің авторы профессор Нұрлан Әділбекұлы Атығаев. Кітап «Казахское ханство: очерки внешнеполитической истории XV-XVII веков» деп аталады. Бұл монография XV-XVII ғасырлардағы Қазақ хандығының сыртқы саяси тарихына арналған.

Алғашқы құттықтау сөз Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейінің директоры – Харипова Рашида Ерімқызына берілді. Ол аталмыш ғылыми жұмыстар үш жылдық еңбектің жемісі екенін айта келіп, шараға zoom платформасы арқылы қатысқан ұжымдық монографияның негізгі авторларының бірі, нумизмат ғалым Павел Петровқа алғыс білдірді. Сондай-ақ монографиялық еңбектердің жазылу тарихына байланысты ақпараттармен кітап авторлары Жасұлан Белтенов пен Нұрлан Атығаевтар бөлісті.

Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры Суат Бейлур, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Нұрсан Әлімбай, ҚР ҰҒА академигі Берекет Кәрібаев, АБДУ гуманитарлық зерттеу институтының директоры Қанат Өскенбай, Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев т.б ғалымдар мен қоғам қайраткерлері шараға арнайы қатысып, құттықтауларын жеткізді.

Шара соңында зиялы қауым өкілдері мен ғылыми мекемелерге аталмыш монографиялық еңбектер үлестірілді. 

ҚР ҚК Мемлекеттік әскери-тарихи музейі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық музейімен бірлесе еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының батыры, Халық Қаһарманы, армия генералы Нұрмағамбетов Сағадат Қожахметұлына  100 жыл толуын мерекелеу аясында «Халық жүрегіндегі қаһарман» көшпелі көрмесінің ашылу салтанатын өткізді.

Алғашқы сөз ҚР Мемлекеттік орталық музейінің директоры Рашида Ерімқызына берілді. Ол Сағадат Қожахметұлының ерлікке толы өмірі жастарға үлгі екенін айта келіп, ұлы тұлғаны ұлықтауға арналған шара өскелең ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие берудің бір құралы екенін баса айтты.

Ал ҚР ҚК Мемлекеттік әскери-тарихи музейінің басшысы Әлжан Ләззат аталған іс-шараның музейлер арасындағы ынтымақтастықты дамуға қосар рөлі зор екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, Сағадат Қожахметұлымен қызметтес болған ардагер, отставкадағы полковник Казбек Владимирұлы Мамсуров Сағадат Қожахметұлы туралы естеліктерімен бөлісті.

Көрмеде Сағадат Қожахметұлының жеке заттары, осы уақытқа дейін жарияланбаған фотосуреттері мен құжаттары және басқа да жәдігерлер көпшілік назарына ұсынылды. Сондай-ақ, Сағадат Қожахметұлының Ұлы Отан соғысы жылдарындағы, әртүрлі әскери-оқу жаттығуларынан және күнделікті өмірдегі отбасымен түскен фотосуреттері қойылған. Сонымен қатар, қысқы киім үлгісі мен плащы, номер бірінші Халық қаһарманы “Алтын жұлдызының” көшірмесі көрсетілген.

Айта кетейік, аталмыш көрме көрме 2024 жылы Қазақстанның 10-нан астам қаласында (Түркістан, Қызылорда, Ақтау, Семей, Павлодар, Қостанай, т.б.) ұйымдастырылмақ.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі Қазақстан Этнодизайнерлері одағымен бірлесе отырып, кәсіби суретшілер, көркем еңбек пәнінің мұғалімдері мен этноарт дизайнерлерінің халықаралық симпозиумын өткізді. Шара аясында «Шығыстың шеберлері» кітабының тұсауы кесілді. ҚР Мемлекеттік Орталық музейінің директоры Рашида Ерімқызы шараны салтанатты түрде ашып, Қазақ-Қырғыз қолөнер шеберлері, кәсіби суретшілер мен көркем еңбек пәні мұғалімдерінің арасындағы мәдени құндылықтарды насихаттап, креативті индустрияны дамыту және өзара тәжірибе алмасуда осындай басқосулардың маңызды екенін ерекше атап өтті. Симпозиум аясында дефиле, шығармашылық туындылар көрмесі, шеберлік сабақтары ұйымдастырылып, оған Қазақстан мен Қырғызстаннан 100-ге жуық қолөнер шеберлері қатысты. Қазақ-Қырғыз этнодизайнерлері ұсынған «Ұлпан», «Айпара», «Шаңырақ», «Самғау» топтамаларының сән көрсетілімдері де көпшілікті тәнті еткені анық. Шараға Шымкент қаласы білім басқармасы әдістемелік орталығына қарасты мектеп мұғалімдері, Түркістан облысы білім басқармасына қарасты мектеп мұғалімдері, Қырғыз Республикасының ЖОО оқытушылары мен мектеп ұстаздары, Республика көлеміндегі білім беру ұйымдарының көркем еңбек пәнінің мұғалімдері, «Жебе» баспасы және БАҚ өкілдері қатысты. Қазақстан Этнодизайнерлер одағы бүгінде ұлттық құндылықтарымызды дамытып, төл тарихымызды қайта жаңғыртуға бағытталған маңызды мәселелерді басшылыққа ала отырып, ауқымды жұмыстар атқаруда. Бабаларымыздың бізге қалдырған құнды мұрасын әлемдік деңгейде дәріптеп, төл тарихымызды төрт құрлыққа таныту Қазақстан Этнодизайнерлер одағының басты мақсаты.

 

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source