авто

Переключатель языков

Құрметті алматылықтар мен қала қонақтары!

ҚР МОМ қорында сақталған б.з.д. ІІІ-ІІ мың жылдықтардан бастап б.з. ХІІІ – ХIV ғғ. аралығын қамтитын Солтүстік Қазақстан облысындағы Ботай қонысынан табылған қару түрлері, қазақ жауынгерлерінің бойынан табылған «ер қаруы – бес қару»: найза, қылыш, садақ, шоқпар, айбалта түрлері, сондай-ақ ХХ ғасырға тән өзге де қару-жарақ түрлерін көргіңіз келсе 18 мамыр күні ашылатын «Ер жігіттің бес қаруы бойында» атты көрмені тамашалауға шақырамыз. Өткен мыңжылдықтарға саяхат жасап, таным көкжиегіңізді кеңейтіңіз, қымбатты оқырман!

karuzharak

Құрметті шаһар тұрғындары мен қонақтары! «Музей түні - 2023» акциясының аясында «Ұлттық мұра – ұрпаққа аманат» атты арт-пленэр ұйымдастырылып, Қазақстанның 15 танымал суретшісі өз туындыларының тұсауын кеседі. Қылқалам шеберлері Халықаралық музей күні кәсіби мерекесіне орай Орталық музейге жаңа жұмыстарын сыйға тартып, музейдің кескіндеме қорын толықтырады. Арт-пленэрдің демеушісі – «Чжунсиньговень» үкіметтік емес ұйымы және 2016 жылы Алматы қаласында құрылып, Қытай мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың артуына дәнекер болған «Бүгінгі Жібек жолы» басылымы.

afisha pleener

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі 2023 жылдың 23 мамыр күні сағат 18:00-де «МУЗЕЙ ТҮНІ-2023» акциясы аясында «ХХІ ғасырдағы көшбасшылар мен танымал тұлғалар. Бірлескен шығармашылық» атты көрмесін ашады. Жоба «Туған жер», «Біз біргеміз», «Рухани жаңғыру», «Жаңа Казақстан» сынды бағдарламалардың негізгі бағыттары бойынша жүзеге асады.

«ХХІ ғасырдағы көшбасшылар мен танымал тұлғалар. Бірлескен шығармашылық» атты көрмесі«ХХІ ғасырдағы көшбасшылар мен танымал тұлғалар. Бірлескен шығармашылық» жобасы ел дамуына елеулі үлес қосқан белгілі мәдениет және өнер қайраткерлері мен кәсіби суретшілердің шығармашылық және идеялық ой-өрістерінің тоғысуынан пайда болған ортақ туындыларды көпшілік назарына ұсынады.

Көрмеге қойылатын суретшілердің шығармалары ұлттық мәдениет пен бірегейліктің көрінісі. Суретшілер әйгілі тұлғалармен бірлесе отырып, әлемдегі ахуал мен бүгінгі күннің өзекті тақырыптарын сурет арқылы бейнеледі.

Көрмеге қатысқан суретшілер: Ақмарал Құсайынова, Болат Хамзин, Мереке Нұрлан, Максим Ведерников, Виталий Ведерников, Гузаль, Михаил Коробков.

Жоба қатысушылары – кәсіби тұрғыда ғана емес, жеке өмірлерінде де айтулы биіктерді бағындырған ел мақтаныштары:

  • Асанәлі Әшімов – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
  • Олжас Сүлейменов – ҚР халық жазушысы, ақыны.
  • Бибігүл Төлегенова – КСРО Халық әртісі.
  • Әбдіжәміл Нұрпейісов – Қазақстанның Халық жазушысы.
  • Бейсен Құранбек – журналист, қоғам қайраткері, тележүргізуші.
  • Болат Ерханов – Қазақ КСР опера және балет театрының балет әртісі.
  • Арманжан Байтасов – кәсіпкер.

Танымал тұлғалармен сұхбат барысында келесі сұрақтар қойылған болатын: – «Өмірде қандай қиындықтарға тап болдыңыз және оларды қалай жеңіп шықтыңыз? Өмірлік мақсаттарға жету жолындағы басты қағидаңыз қандай болды? Адамдарға және жалпы әлемге деген көзқарасыңыз? Мамандық арқылы өзіңізді тани алдыңыз ба?». Көрмеде ұсынылған суреттермен жіті танысып шыққан көрермен осы сұрақтардың барлығына жауап ала алады.

Жобаның басты мақсаты - танымал тұлғалардың ішкі әлемін, ерекше болмысын таныту арқылы жас ұрпақтың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіру және олардың шығармашылық белсенділігін арттыру. Айта кетейік, бұл көрме Қазақстанда және Орталық Азияда алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Бұған дейін осы сипаттағы көрме Францияда 2020-2021 жылдары өткен болатын. Аталмыш көрмеде Тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихын қалыптастырған танымал тұлғалардың қолтаңбалары қойылған 100-ге жуық өнер туындылары ұсынылады.

Жоба жетекшісі: Шымырбаев Аслан      

Ашылуы: 18 мамыр, сағ: 18:00 – 24.00.

Көрменің өту уақыты: 18 – 31 мамыр 2023 ж.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейінде 18 мамыр 2023 жылы «Музей түні-2023» мерекесіне орай, архитектор, суретші, ҚР суретшілер Одағы мүшесі – Тамара Волкованың «Көне артефактілердің өмірі мен символикасы» жеке көрмесінің ашылуы өтеді.

Тамара Волкованың «Көне артефактілердің өмірі мен символикасы» жеке көрмесіТамара Владимировна Волкова 1946 жылы 7 наурызда Қырғызстанда дүниеге келген. Шығыс Қазақстан облысында өсіп, білім алды. Мәскеу Сәулет институтының түлегі. Өнерге деген шексіз құштарлығының арқасында әуесқойлылықпен басталған өнерді кәсіби деңгейге жеткізген, шығармашылық тәжірибесі толысқан қылқалам шеберінің еңбектері көпшілікпен бөлісуге тұрарлық.

Т.Волкова - көп қырлы суретші, түрлі қызығушылықтары бар еркін шығармашылық тұлға. Жаңа техникалар мен материалдарды қолдана отырып, формалармен батыл тәжірибе жасайды, әртүрлі стильдер мен әдістерді маңгерген. Кенеп, май; пастель; темпера, гуашь; фрескалар, коллаждар; террапласт; ағаш, макраме, папье-маше сынды материалдарды шебер қолданады. Суретші жұмыстарындағы басты тақырып – табиғат, адамзат, әлемдік гармония мен Ғалам, сәулет құрылыстары, қаланың көрікті жерлері және түрлі рәміздер. Сонымен қатар, кенептегі суреттердің мағыналары да терең. Олардың барлығы ортақ тақырыппен біріктірілген. Шығармалардың пайда болуына да суретшінің естіген астарлы әңгімелері, оқыған әдеби кітаптары және тарих пен дереккөздерді зерттеуі арқау болды.

Көрмеде автор «Ежелгі артефактілердің символикасы» атты кітабындағы жаңа жұмыстарды да ұсынады. Аталған еңбекте суретші тарихи-мәдени зерттеулер жүргізіп, әлем халықтарындағы ежелгі рәміздердің мағынасын ашуға тырысқан.

Т. Волкованың әр шығармасы ерекше мағынаға ие. Көркем, тарихи артефактілер әлеміне еніп, суретші өзінің картиналарында Сфинкс, Химера, Гриффин, жұлдыз жорамал сияқты ежелгі белгілерді бейнелейді, олардың кеңістіктегі және уақыттағы байланысын әр түрлі халықтар арасында қадағалайды.

Суретші шығармашылығында кескіндеме жұмыстары ерекше орын алады. Олар «Адамзаттың ұлы жылы мен алтын ғасыры», «Ұлы қарама-қайшылық және Айдың толық тұтылуы», «Уақыттың тоғысуы», «Торпақ шоқжұлдызы. Плеиадалар. Күн құдайлары», «Алтын ғасыр. Сфинкс» және тағы басқалар.

Сонымен қатар қылқалам шебері қағазға және боялған кенепке шарикті қаламмен жасалған жаңа графикалық туындыларын ұсынады. Одан бөлек заманауи өнердің дамып келе жатқан түріне назар аудара отырып, сандық кескіндеме бағытында бірнеше жұмыстар дайындады.

Тамара Волкова Испания, Италия, Португалия, Англия, Ресей, Бразилия сынды халықаралық көрмелердің қатысушысы. Суретшінің туындылары жақын және алыс шетелдердің галереялары мен жеке коллекцияларында бар.

Қылқалам шебері көрмеде 2019-2023 жылдар аралығында салынған жаңа еңбектерімен таныстырады және 80-нен астам жұмысты ұсынады.

Рәміздердің пайда болу тақырыбын 17 жыл зерттеген суретші екі бөлімнен тұратын «Ежелгі артефактілердің символикасы» атты кітабын да көпшілік назарына ұсынбақ. Бөлімдердің атауы: «Адамзаттың ұлы жылы мен алтын ғасыры. Мынау не?» және тарихи және көркем артефактілердің ғарыштық символизмін зерттеуге негізделген «Плеядалар».

Көрменің ашылуы: 18 мамыр 2023 ж., 19.00-20.00.

Көрме 2023 жылдың 1 маусымына дейін жалғасады.

2023 ж. 6 мамыры сағат 15.00-де Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде ҚР Суретшілер одағының 90 жылдығына арналған дәстүрге айналған «Акварельді фреш» көрмесінің ашылуы өтеді.

Бұл «Яблоневая палитра» қауымдастығының музеймен бірлесіп ұйымдастырып отырған екінші көркем көрмесі, оған Қазақстанның белгілі акварель суретшілері қатысады.

«Акварельді фреш» көрмесіАкварель бояуы – кескіндемедегі күрделі әдістердің бірі. Акварель минималды құралдар мен максималды мәнерлікті қолдана отырып, әлемді барлық түстерде, нәзік түрде көрсете алады. Бұл жеңіл, қозғалмалы кескіндеме, ол ерекше шеберлік пен шыдамдылықты қажет етеді.

Акварель көрмелері Қазақстанда сирек ұйымдастырылады. Соңғы кездері акварель шығармашылығына тек суретшілер ғана емес, сонымен қатар келушілер де қызығушылық танытатынын байқауға болады.

Қатысушылар қатарында белгілі суретшілер, қазақ өнерінің қайраткерлері, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшелері, Өнер академиясының академиктері, суретші-педагогтар: Тоққожа Кожағұлов, Асқар Бейшекеев, Асия Хайруллина, Лидия Дроздова, Марлан Нысанбаев, Максим Ведерников, Евгения Ведерникова, Александр Осипов, Канагат Кодеков, Кантарбаев Максат, Рашид Құлбатыров, Игорь Гущин, Попова Елена, Юрий Бурмистров, Дина Гаитова, Вера Малышева, Динара Мұратаева, Камилла Лаптева, Елдос Азаматұлы, Рауан Сүлейменов, Ольга Салькова, Елена Панина, Ирина Киянова, Елена Бабич, Юрий Харченко, Елизавета Антропова, Юлия Волошина, Жанара Перуджини, Марина Гречкина, Анна Христова, Салтанат Жапарова, Айгерим Орал, Сергей Бабяков, Бабабек Салауатов, Ирина Балан, Асель Қалиева, Арина Зырянова, Марина Ким, Александра Ефанова, Құралай Умбетова, Анастасия Минаева, Гүлсүм Тоқбаева, Гаухар Жүнісова, Анна Сербенко, Алтынай Шарипова, Елена Белова, Күмісай Шарипова, Галина Шепелева, Елена Абилева, Диана Шайхеслямова және т.б.-ның 100-ден астам туындылары ұсынылады.

Көрменің тұжырымдамасы келесі мақсаттарды көздейді: акварельдік кескіндеменің әртүрлі жанрлары мен стильдерінің тұтас спектрін көрсету; қазіргі заманғы дарынды акварельшілерді анықтау, олардың әдемі, көп еңбекті қажет ететін жұмыстарын қолдау және Қазақстанның әр өңірінен келген акварель суретшілерінің өнерін кеңінен насихаттау.

Биыл Қазақстан Республикасының Суретшілер одағы 90 жылдық мерейтойын атап өтуде. Ал бүгінгі күн осындай Акварельді көрменің ашылуымен есте қалатынымен қуантады. Сондай-ақ, экпозициялар акварельді өнер жанашырларының көңілдерінен шығатыны да сөзсіз.

Көрме кураторлары: Лидия Дроздова – «Яблоневая палитра» алматылық суретшілер қауымдастығының жетекшісі (ҚР Суретшілер одағының мүшесі, Қазақ өнерінің қайраткері).

Арт-менеджер: Марлан Нысанбаев (Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, қазақ өнерінің қайраткері).

Көрме 2023 ж. 15 мамырына дейін жалғасады.

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source