авто

Переключатель языков

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының 30 жылдығына орай ұйымдастырылған «МЫҢЖЫЛДЫҚТАР ТОҒЫСЫНДАҒЫ ӨРКЕНИЕТ» атты көрменің ашылу салтанаты өтті. Аталмыш іс-шара ТҮРКСОЙ-дың 30 жылдығына орай Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отыр.

Түркі елдерінің басын біріктіретін халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының басты мақсаты - түркі халықтарына ортақ материалдық және мәдени ескерткіштерді сақтау, дамыту және болашақ ұрпаққа жеткізу. ТҮРКСОЙ ұйымы өз қызметі арқылы түркі елдері мен халықтарын түркі мәдениеті мен өнерін бірлесіп дамытуға, сондай-ақ тарихи-мәдени мұраны сақтап, насихаттауға жұмылдырып келеді.

Көрмені ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы – Сұлтан Раев пен Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице министрі Ержан Мәлікұлы Еркінбаев және Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет комитетінің төрағасы Арман Әділханұлы Жүдебаев салтанатты түрде ашты.

Шара аясында Нұрбақыт Бөкебаев, Гүлзат Дәуірбаева, Дина Хамзина, Қайрат Мұқанов, Айса Оразхан, Данияр Шәріпов, Ләззат Сағындықова, Рашида Харипова сынды мәдениет және өнер қайраткерлері ТҮРКСОЙ ұйымының мерекелік медалімен марапатталды.

Тарихи және мәдени мұраны сақтау және ілгерілету мақсатында ҚР MОМ ТҮРКСОЙ ұйымымен ұзақ жылдар бойы тығыз байланыс орнатып келеді. Осыған дейін ТҮРІКСОЙ-дың қолдауымен ғылыми және білім беру форумдары (Алматы, 2013, Прага, 2019, Бурса, 2022, Будапешт, 2023), сондай-ақ Стамбулдағы Түркі және Ислам мәдениеті музейінде «Ұлы даланың тарихи-мәдени бейнесі» (2018) атты көрме өткен болатын. ҚР МОМ ұжымы биыл да осы дәстүрден жаңылмай, «Мыңжылдықтар тоғысындағы өркениет» атты көрме ұйымдастырып, әлемдік өркениеттің бастауы болған байтақ даламыздың материалдық мәдениетін айшықтайтын бірегей экспонаттарды көпшілікке ұсынды.

Көрмедегі басты жәдігер – Алматы облысы, Есік қорғанынан табылып, Кемел және Әлішер Ақышевтардың ғылыми жобасы бойынша жаңғыртылған «Алтын адам». Сондай-ақ ерте темір дәуірі яғни сақтар мәдениетіне тән кезеңді қамтитын Алматы қаласынан және оның маңынан табылған бірегей артефактілер, жылқыны алғаш болып қолға үйреткен Ботай қонысының құнды қазыналары мен Орта ғасырлық ұлы «Жібек жолы» бойындағы қалашықтардан табылған тарихи жәдігерлер де көрмеден көрнекті орын алды. Сонымен қатар, қазақтың дәстүрлі мәдениетін айшықтайтын бірегей экспонаттар – ұлттық музыкалық аспаптар, сәндік-қолданбалы өнер туындылары, қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлы, философ, ғалым Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы секілді түркі әлеміне ортақ тұлғалардың қолжазбалары, бейнелеу өнері туындылары, тұрмыстық заттар мен зергерлік бұйымдар, дәстүрлі киім үлгілері, кілем және киізден жасалған заттар т.б ҚР МОМ қорынан алынған 100-ден астам бұйымдар ұсынылды.

Көрме аясында тарихи жәдігерлерді қайта жаңғыртушы реставраторлар да өз жұмыстарын ұсынып, реставрация саласының көпшілік біле бермейтін қыр-сырымен бөлісті.

Көрменің мақсаты: тарихи-мәдени мұраны насихаттау, мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту және түркі мәдениетін халықаралық аренада ілгерілету.

nyurksoi-30 tyurksoi-30
 tyurksoi-30  tyurksoi-30
 tyurksoi-30  tyurksoi-30
 tyurksoi-30  tyurksoi-30
 tyurksoi-30  tyurksoi-30

Халқымыздың терең тарихынан сыр шертетін «КӨНЕНІҢ КӨЗІ» атты көрменің ашылуы «Музей түні - 2023» акциясындағы кезекті бір ерекше шара болмақ. Мұнда өте сирек ұшырасатын музейлік, антикварлық туындыларды кездестіресіз. Олар: музейдің археология қорындағы б.з.д. V - III ғғ. жататын қанатты тау текелердің мүсіндік бейнелері;, қазан қақпағының теке мүйізі тәрізді құрсауы;,  Ысқақов Төлеген ұстаның  «Нар-көрігі»;,  қазақ ән өнерінің биік тұлғасы Әміре Қашаубаевтың «Айна-трилляжы» ;, Фатима ханшаның қызыл барқыттан тігілген бешпеті;, Тұран жолбарысының терісі секілді т.б аса құнды жәдігерлер. Құрметті, оқырман! Музейге келіңіз! Таным көкжиегіңізді кеңейтіңіз!

Құрметті шаһар тұрғындары мен қонақтары! «Музей түні - 2023» акциясының аясында «Ұлттық мұра – ұрпаққа аманат» атты арт-пленэр ұйымдастырылып, Қазақстанның 15 танымал суретшісі өз туындыларының тұсауын кеседі. Қылқалам шеберлері Халықаралық музей күні кәсіби мерекесіне орай Орталық музейге жаңа жұмыстарын сыйға тартып, музейдің кескіндеме қорын толықтырады. Арт-пленэрдің демеушісі – «Чжунсиньговень» үкіметтік емес ұйымы және 2016 жылы Алматы қаласында құрылып, Қытай мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың артуына дәнекер болған «Бүгінгі Жібек жолы» басылымы.

afisha pleener

Құрметті алматылықтар мен қала қонақтары!

ҚР МОМ қорында сақталған б.з.д. ІІІ-ІІ мың жылдықтардан бастап б.з. ХІІІ – ХIV ғғ. аралығын қамтитын Солтүстік Қазақстан облысындағы Ботай қонысынан табылған қару түрлері, қазақ жауынгерлерінің бойынан табылған «ер қаруы – бес қару»: найза, қылыш, садақ, шоқпар, айбалта түрлері, сондай-ақ ХХ ғасырға тән өзге де қару-жарақ түрлерін көргіңіз келсе 18 мамыр күні ашылатын «Ер жігіттің бес қаруы бойында» атты көрмені тамашалауға шақырамыз. Өткен мыңжылдықтарға саяхат жасап, таным көкжиегіңізді кеңейтіңіз, қымбатты оқырман!

karuzharak

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейінде 18 мамыр 2023 жылы «Музей түні-2023» мерекесіне орай, архитектор, суретші, ҚР суретшілер Одағы мүшесі – Тамара Волкованың «Көне артефактілердің өмірі мен символикасы» жеке көрмесінің ашылуы өтеді.

Тамара Волкованың «Көне артефактілердің өмірі мен символикасы» жеке көрмесіТамара Владимировна Волкова 1946 жылы 7 наурызда Қырғызстанда дүниеге келген. Шығыс Қазақстан облысында өсіп, білім алды. Мәскеу Сәулет институтының түлегі. Өнерге деген шексіз құштарлығының арқасында әуесқойлылықпен басталған өнерді кәсіби деңгейге жеткізген, шығармашылық тәжірибесі толысқан қылқалам шеберінің еңбектері көпшілікпен бөлісуге тұрарлық.

Т.Волкова - көп қырлы суретші, түрлі қызығушылықтары бар еркін шығармашылық тұлға. Жаңа техникалар мен материалдарды қолдана отырып, формалармен батыл тәжірибе жасайды, әртүрлі стильдер мен әдістерді маңгерген. Кенеп, май; пастель; темпера, гуашь; фрескалар, коллаждар; террапласт; ағаш, макраме, папье-маше сынды материалдарды шебер қолданады. Суретші жұмыстарындағы басты тақырып – табиғат, адамзат, әлемдік гармония мен Ғалам, сәулет құрылыстары, қаланың көрікті жерлері және түрлі рәміздер. Сонымен қатар, кенептегі суреттердің мағыналары да терең. Олардың барлығы ортақ тақырыппен біріктірілген. Шығармалардың пайда болуына да суретшінің естіген астарлы әңгімелері, оқыған әдеби кітаптары және тарих пен дереккөздерді зерттеуі арқау болды.

Көрмеде автор «Ежелгі артефактілердің символикасы» атты кітабындағы жаңа жұмыстарды да ұсынады. Аталған еңбекте суретші тарихи-мәдени зерттеулер жүргізіп, әлем халықтарындағы ежелгі рәміздердің мағынасын ашуға тырысқан.

Т. Волкованың әр шығармасы ерекше мағынаға ие. Көркем, тарихи артефактілер әлеміне еніп, суретші өзінің картиналарында Сфинкс, Химера, Гриффин, жұлдыз жорамал сияқты ежелгі белгілерді бейнелейді, олардың кеңістіктегі және уақыттағы байланысын әр түрлі халықтар арасында қадағалайды.

Суретші шығармашылығында кескіндеме жұмыстары ерекше орын алады. Олар «Адамзаттың ұлы жылы мен алтын ғасыры», «Ұлы қарама-қайшылық және Айдың толық тұтылуы», «Уақыттың тоғысуы», «Торпақ шоқжұлдызы. Плеиадалар. Күн құдайлары», «Алтын ғасыр. Сфинкс» және тағы басқалар.

Сонымен қатар қылқалам шебері қағазға және боялған кенепке шарикті қаламмен жасалған жаңа графикалық туындыларын ұсынады. Одан бөлек заманауи өнердің дамып келе жатқан түріне назар аудара отырып, сандық кескіндеме бағытында бірнеше жұмыстар дайындады.

Тамара Волкова Испания, Италия, Португалия, Англия, Ресей, Бразилия сынды халықаралық көрмелердің қатысушысы. Суретшінің туындылары жақын және алыс шетелдердің галереялары мен жеке коллекцияларында бар.

Қылқалам шебері көрмеде 2019-2023 жылдар аралығында салынған жаңа еңбектерімен таныстырады және 80-нен астам жұмысты ұсынады.

Рәміздердің пайда болу тақырыбын 17 жыл зерттеген суретші екі бөлімнен тұратын «Ежелгі артефактілердің символикасы» атты кітабын да көпшілік назарына ұсынбақ. Бөлімдердің атауы: «Адамзаттың ұлы жылы мен алтын ғасыры. Мынау не?» және тарихи және көркем артефактілердің ғарыштық символизмін зерттеуге негізделген «Плеядалар».

Көрменің ашылуы: 18 мамыр 2023 ж., 19.00-20.00.

Көрме 2023 жылдың 1 маусымына дейін жалғасады.

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source