авто

Переключатель языков

«ӨЗБЕКӘЛІ ЖӘНЕ МӘДЕНИ МАЙДАН» КІТАБЫНЫҢ ТҰСАУКЕСЕР РӘСІМІ ӨТТІ

Мемлекеттік Орталық музей ғимаратында Отбасы хрестоматиясы сериясымен жарық көрген «Өзбекәлі және Мәдени Майдан» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. 

Шараны музей директоры Рашида Ерімқызы ашып, Өзбекәлі Жәнібековтың орталық музейдің 3-ші экспозициялық залын жасақтауға қосқан үлесі мен еліміздің мәдени саласын өркендетудегі қайраткерлік істерін ерекше атап өтті.  

Сондай-ақ шара аясында арнайы көрме ұйымдастырылып, оған Өзбекәлі Жәнібековтың музей қорында сақталған жеке заттары мен фотосуреттері қойылды. Көрмедегі ерекше жәдігер - қоғам қайраткерінің кезінде өзі шерткен домбырасы.

Өзбекәлі Жәнібек – қазақ тарихы мен мәдениетін жаңғыртуға, ұлттың бай мұрасын келешек ұрпаққа жеткізуге орасан еңбек сіңірген қайраткер. Ол – Алаш зиялыларын ақтау ісі, Наурыздың қайта тойлануы, Тайқазанның елге қайтарылуы, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің қалпына келтірілуі сияқты аса маңызды істерге бастамашы болды. Қазақ тілін дамыту бағдарламасының мемлекеттік тұжырымдамасын жасауға қатысты. Елдегі көптеген музейлер мен театрлар, мәдениет орындары осы қайраткердің арқасында ашылды. 

Отбасы хрестоматиясы жобасы соңғы бірер жылдан бері Ө.Жәнібеков жайлы деректер мен фактілер жинауға кіріскен болатын. Сол жұмыстың негізінде «Өзбекәлі және Мәдени Майдан» кітабы жарыққа шықты. 

Авторлар Атырау, Қостанай, Арқалық, Астана, Семей, Шымкент, Павлодар қалаларына экспедиция жасап, Өзбекәлінің көзін көрген, онымен қызметтес болған кісілермен жолығып, сұхбаттасты. Өзбекәлі жайлы бұрын-cоңды беймәлім болып келген естеліктер тапты. 1960-1990 жылдар аралығындағы Қазақстанның саяси атмосферасына дәл сипаттама беруге тырысты. Торғай облысының қалай ашылғаны, оның кейін қандай саяси себеппен жабылғаны жайлы сараптама жасалды. 

Тұсаукесерге кітап авторлары Санжар Керімбай және Әділбек Нәби, Өзбекәлінің балалары, немерелері, туыстары, оның көзін көрген куәгерлер, «Отбасы хрестоматиясының» барлық мүшесі, оқырмандар және БАҚ өкілдері қатысты.

ҚР Мемлекеттік орталық музейінде фотосуретші, саяхатшы Нұртаев Таймас Қуанышұлының «Жер шары: бұл әлем қандай ғажап!» жеке фотокөрмесінің ашылу салтанаты өтті.

Таймас Нұртаевтың 30 жылға жуық шығармашылық ғұмырын паш ететін ең таңдаулы туындылары жинақталған көрмені Орталық музей директоры Рашида Ерімқызы салтанатты түрде ашып, авторға алғыс хат табыс етті. Сондай-ақ әкесінің фотошығармаларын жинақтап, көрменің өтуіне атсалысқан Таймас Нұртаевтың ұлы Тимур Таймасұлы Нұртаев шараға арнайы қатысып, музей қорына сирек кездесетін және аса бағалы экспонаттардың бірі – көне тал бесікті сыйға тартты.

Таймас Нұртаев - мамандығы бойынша құрылысшы, бірақ фотоөнерге деген сүйіспеншілік оны осы салаға жетеледі. Автор жер шарының түкпір-түкпірінде болып ғана қоймай, сол сапарлар мен саяхаттардың жарқын әсерлерін өз шығармаларына арқау етті.

Таймас Қуанышұлы ең үлкен Сахара шөлін, Гренландияны – әлемдегі ең ерекше аралдардың бірі, тарихи Италияны, Исландияның «мұз елін» және т. б. жерлерді фотосуретте таспалады. Қытайға сапар барысында суретші Цзючжайгоу Ұлттық саябағының, Хуанлунг көгілдір көлдерінің көркем пейзаждарының ортасында ағып жатқан сары-жасыл Ли өзенінің және Аватар тауларының фотосуреттерін түсірді. Ал Кения сапарында Африканың бай фаунасын түсіру үшін әлемге әйгілі Маасай Мара ұлттық қорығына барды.

Көрменің бір бөлігін еліміздің көрікті жерлерінен түсірілген «Қазақстан табиғатының маржандары» атты фотожұмыстар құрайды. Онда автор Іле Алатауының әсем жерлерін, Алматы мен Алматы облысы аумағын, Көлсай, Хан-Тәңірі, Шарын көлі мен Шарын шатқалы, «Алтынемел» Ұлттық қорығы, «Баянауыл» Ұлттық саябағы, Жасыбай, Марқакөл, Бурабай, Зайсан, Каспий теңізі, Киин-Керіш таулары, Ақ-Тау, Ақкергешін, Ақтолағай қырқасы және т.б. түсірген фотожұмыстарын паш етеді.   150-ден аса фотосуреттер ұсынылған көрме 8-желтоқсанға дейін жалғасады.

Планета Земля: как прекрасен этот мир!

Планета Земля: как прекрасен этот мир!

Планета Земля: как прекрасен этот мир!

pic-nurtaev-07

«Жер шары: бұл әлем қандай ғажап!»

«Жер шары: бұл әлем қандай ғажап!»

«Жер шары: бұл әлем қандай ғажап!»

numizmatikaҚазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейінде 2023 жылы 15 қарашада, сағат 15.00-де ҚР ұлттық валютасы – теңгенің 30 жылдық мерейтойына арналған «Қазақстанның нумизматикалық мұрасы мен қағаз ақшалары» көрмесінің ашылу салтанаты өтеді.

Егемен еліміздің міндетті рәміздерінің бірі – төл теңгеміздің мемлекет тарихында алатын орны ерекше. Теңге тарихы ҚР Тұңғыш президентінің 1993 жылдың 12 қарашасындағы «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» Жарлығы шыққан кезден бастау алады. Өз ақша бірлігін айналымға енгізу ҚР Үкіметі мен Ұлттық банктің елдің ішкі және сыртқы саясатында табыстарға жетуге бағытталған экономикалық және ақша-несиелік дербес қарым-қанынастарды жүргізуіне зор мүмкіндік берді. Бүгінгі күні ақша айналымына енгеніне 30 жыл толған теңге валюта ретінде өз өміршеңдігін көрсетіп отыр.

Көрме тақырыптық-хронологиялық және әулеттік (мемлекет) принцип бойынша құрылып отыр. Көрмеге қойылған монеталар түрлері қазіргі Қазақстан және онымен көршілес аумақтарда өмір сүрген ежелгі Кушан (б.з.б. 1 ғ. - б.з. 3 ғ.), Сасандықтар (224-651 жж.), ерте ортағасырдағы Түргеш (704-756 жж.), ортағасырлардағы Қарахан (942-1210 жж.) мемлекеттерінен жалғасып келіп, Ұлы Моңғол Империясы (1205-1291 жж.), Жошы ұлысы (1224-1481 жж.), Шағатай (1222-1370 жж.), Темір (1370-1507 жж.) және т.б. әулеттер дәуірімен сабақтасып жатады. Аталған мемлекеттер, ұлыстар мен әулеттердің сауда-экономикалық, тауар-ақша айналымында болған күмістен, мыстан жасалған көне монеталары түпнұсқа күйінде, әрі қазақ және орыс тілдеріндегі ғылыми сипаттамаларымен үлкейтілген түрінде жұртшылық назарына ұсынылады.

Ежелгі және ортағасырлық мемлекеттердің сауда-экономикалық, тауар-ақша айналымында болған күмістен, мыстан жасалған көне монеталары түпнұсқа күйінде, әрі қазақ және орыс тілдеріндегі ғылыми сипаттамаларымен үлкейтілген түрінде жұртшылық назарына ұсынылады.

Осы көрме төрінен Ресей патшалығы, Кеңес Одағы кезеңінде қолданыста болған қағаз ақшалар (бонистика) мен монеталардың алуан түрлерін, Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы – теңгенің алғашқы және кейінгі үлгілерін, тәуелсіздік жылдарындағы түрлі нумизматикалық топтамалар, мерейтойлық монеталарды да тамашалауға болады.

Көрмеге келушілер назарына Орталық музей қорынан алынған мұрағаттық құжаттар, облигациялар, лотерея билеттерімен қатар түрлі иллюстрациялар, кестелер және осы тақырыпты аша түсетін қосымша экспонаттар қойылады.

Сондай-ақ, 2021-2023 жж. атқарылған «Ұлы дала тағдырындағы Алтын Орда және Шағатай мемлекеті нумизматикалық деректер бойынша (XIII-XIV ғғ.)» атты гранттық қаржыландыру жобасы аясында ұйымдастырылған ғылыми экспедициялар (Түркістан, Жамбыл, Алматы, Қызылорда облыстары, Шымкент қаласының маңы) барысында табылып, жергілікті халықтан жинақталып, музей қорына жаңадан түскен қарахандық монеталарды соғуға арналған штемпельдер (Av. және Rv.), ортағасырлық таразы табақшалары, гіртастары, күйентесі, мыс монета дайындайтын жұмыр темір, ақша ретінде қолданылған күміс бұйымдар да осы көрме төрінен алғаш рет орын алады.

 Көрме 2023 жылдың 20 желтоқсанына дейін жалғасады.

Байланыс телефондары: 264 36 33, 264 55 77

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі және Қазақстан Республикасындағы Жапония Елшілігі мен Қазақстан-Жапон адам ресурстарын дамыту орталығы бірлесіп жыл сайынғы дәстүрлі «Жапония мәдениет күні» фестивалін өткізді. «Жапония мәдениет күні» фестивалінің мақсаты – Қазақстан мен Жапония арасындағы мәдени ынтымақтастықты нығайту, екі жақты байланыстарды дамыту және өзара түсіністікті тереңдету, сондай-ақ Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтарын Күншығыс елінің салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары, заманауи инновациялық және зияткерлік жетістіктерімен таныстыру. Аталған іс-шарада Қазақстанда тұратын Жапония азаматтары мәдени дәстүрлерімен, заманауи өнер түрлерімен, каллиграфия, музыка, қуыршақтар, жапон компанияларының технологияларымен таныстырып, шеберлік сабақтарын өткізді. «Алматы қ. Жапония мәдениет күні» фестивалінде Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Джун Ямада мырза, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейінің директоры Рашида Ерімқызы Харипова және «Нархоз» Университетінің Президенті Мирас Мұхтарұлы Дәуленов құттықтау сөзсөйледі.

2023 жылдың 8 қараша күні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Орталық музейінде корей фотографы Ён Сун Судың «Менің жаным мен табиғат арасындағы қашықтық» атты жеке көрмесінің ашылуы өтеді.

Корей фотографы Ён Сун Судың «Менің жаным мен табиғат арасындағы қашықтық» атты жеке көрмесі

Корей фотографы Ён Сун Судың «Менің жаным мен табиғат арасындағы қашықтық» атты жеке көрмесі

Ён Сун Су - Оңтүстік Кореялық профессор және дәрігер. Ол көптеген елдерді аралап, қала пейзаждарын таспалады және бейнелеу өнерінің фотографиялық нұсқасын жасай отырып, әлемнің ең таңдаулы туындыларын көрермен жүрегіне жеткізе алды. Фотограф АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Италия, Греция, Жапония, Қытай, Польша, Израиль, Иордания, Канада, Таиланд, Индонезия, Гонконг, Макао, Ресей, Германия, Австрия, Венгрия, Чехия және Вьетнам сияқты елдердің ең қызықты жерлерінде болып, фотосуреттер жинағын 5000-нан астам таңғажайып суреттермен толықтырған.

Ён Сун Су жұмыстары Еуропа мен Азиядағы ең үздік топтық көрмелерде көрсетілді, бірақ «Менің жаным мен табиғат арасындағы қашықтық» оның Алматы қаласындағы Мемлекеттік орталық музейіндегі алғашқы жеке көрмесі болғалы отыр. Ол өзінің жан дүниесінің тазалығы мен табиғатпен етене жақындығын көрсететін ең таңдаулы 20 фотосуретін ұсынады. Сонымен бірге, «Уақыттан тыс. Эмоциялар мен екпіндер» атты топтық көрмеде кореялық ерекше орындар мен нысандарды бейнелейтін 3 туындысын көрсетеді.

Ён Сун Судың көрмелері оны танымалдыққа жеткізді және ол өзінің фотосуреттері арқылы әлемнің ең ерекше елдеріне саяхаттауға бағыт-бағдар сілтейді. Оған дәлел Венециядағы Accorsi галереясында (Италия) өткен «Өнер пішіні», Париждегі Carousel du Luvr өнер жәрмеңкесінде, Лондондағы Parallax Art Fair, Копенгагендегі Art Nordic Art Fair, SwissArtExpo-да Биенналемен қатар «Өнер пішіні» стенді көрмесі, Цюрихте, Бейжіңдегі Бүкіл әлемдік өнер көрмесі, Дүниежүзілік Сеул ЭКСПО-да, сонымен қатар Германия, Испания, Иордания, Түркиядағы галереяларда өткен көрмелері.

Ол Корея Республикасында дәрігер ретінде қатерлі ісікке ең жақсы көмек көрсететін Samsung Seoul ауруханасында профессор болып жұмыс істеді. Ён Сун Samsung Sky ауруханасының директоры болып тағайындалғанда, науқастарды толыққанды емдеуде өнердің құдіреті аурудың күш-қуатын толықтыруға көмектеседі деген оймен суретке түсіре бастады. Ён Сун пациенттерге жайлылық пен психологиялық тұрақтылық сыйлау үшін шын жүректен жұмыс істеуге тырысты. Жасанды заттардан қашып, табиғаттың ерекше бейнелерін суретке түсіріп, оның кереметтері мен құндылықтарын көрсетуді көздейді. Ол Гиппократтың: «Өмір қысқа, өнер ұзақ» деген сөзін өмірлік ұстанымына айналдырған жан.

Ён Сун Судың стилі оның көркемдік сезімталдығын көрсетеді, бұл оған жақын немесе алыс бейнелерді, ақ-қара түсті іздеу мен ойлану кезеңінен кейін түсіруге мүмкіндік береді және нәтижесі таңқаларлық. Оның фотосуреттеріндегі поэзия – суретшіге тән корей рухының үнемі өзгеріп, түрленіп отыратын табиғаттың қозғалысы мен эволюциясымен үйлесуі. Ён Сун дәл осы элементті, табиғат эволюциясының мәңгілік қайталанбайтын сәтін, климаттың өзгеруін, адамзаттың, табиғат пен оның байлығын түсіруге тырысады.

Ён Сун Судың бейнелеу өнері фотосуреті бүкіл әлемде мойындалды. Соның нәтижесінде көптеген марапаттарға ие болды. Олар: 2013 жылы Нью-Йорктегі Біріккен Ұлттар Ұйымының 6-шы өнер фестиваліндегі бас жүлде, 2019 жылы 43-ші Дүниежүзілік Токио өнер фестиваліндегі арнайы жүлде, Леонардо да Винчи сыйлығы, Пегасус сыйлығы, үздік суретшілер сыйлығы, Микеланджело сыйлығы, Италиядағы мансап өнері сыйлығы, Вашингтондағы өнердегі көшбасшылық марапаты. Оның суреттері «Заманауи атақты шеберлер» және «Италиядағы бейнелеу өнерінің кейіпкерлері» кітаптарының 5 томында көрсетілген.

Болашақта Ён Сун Су адамзатқа сапалы туындылар қалдырып, әлем жастары үшін көркем галереялар құруды армандайды. Сонымен қатар, ол халықаралық университет құруды және мұқтаж адамдарға көмектесетін көшбасшыларды тәрбиелеуді мақсат тұтады.

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source