авто

Переключатель языков

12.02.2020 ж. Нұразхан Еркін Ибрагимұлының «Шарайна» атты жеке көрмесі

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі 2020 жылдың 12 ақпан күні, сағат 15.00-де елімізге танымал карикатурашы-суретші, ҚР мәдениет қайраткері, ҚР Суретшілер, Журналистер, Жазушылар одақтарының мүшесі Нұразхан  Еркін  Ибрагимұлының «Шарайна» атты жеке көрмесін ашады.

Нұразхан  Еркін  Ибрагимұлының «Шарайна» атты жеке көрмесіЕркін Нұразхан – қазақ бейнелеу өнерінде карикатура, шарж (достық әзілді портрет) жанрының қалыптасып, дамуына өзіндік қолтаңбасын қосқан, бүгінде осы бағыттың көшбасшысы саналатын танымал суретші.

Суретші-карикатурашы 1982 жылдан бастап әдебиет, өнер және қоғам қайраткерлерінің әзіл портреттер галереясын жасап келеді. Ол еліміз тәуелсіздік алған жылдар ішіндегі әлеуметтік-экономикалық, саяси өміріміздегі келеңсіз құбылыстарды сынға алған сатиралық суреттер топтамасын дүниеге әкелді. Сондай-ақ, оқырмандарға өзекті мәселелерді көтерген мақалалары және деректі дүниелерімен танылған қаламгер.

Суретшінің тақырыптары әр алуан, бейнелеген кейіпкерлері сан қырлы мінез-құлықты болса, сурет салудағы техникасы тым қарапайым. Негізінен қағаз, қаламұш, тушь, акварель бояуы, гельді қалам, түсті қарындаштарды қолданады.

Карикатурашыны шығармашылыққа жетелеген – өмірдің өзі. Ол қоғам мен адам, саясат пен заман кеңістігінде қайшыласқан мүдделер майданы мен керағар көзқарастарды жіті бақылап, ақ-қарасын анықтап, ішке жиған-түйгенін ел назарына ұсынады. Көрерменін бей-жай қалдырмай қоғам мен заманның кілтипанын табуға үндеп, сол процестерге қатысуға, ой түюге, әркімді өз ұстанымын анықтап алуға шақырады. Осыдан келе  суретшінің азаматтық позициясы анықтала түседі. Ол әділдік пен адалдық, шындық пен ақиқат жағында болып, халықтың мұң-мұқтажын жеткізіп, өмірдегі өзгерістерге солардың тұрғысынан қарап, бағасын бере алса - нағыз халықшыл суретші, өз елінің патриоты болғаны. «Шарайна» көрмесі соның дәлелі. Көрмеге келушілер суретші-карикатурашының шыншыл да айқын сырларға толы дүниетанымымен табысады. Сонымен қатар тәуелсіз еліміздің дамуына кедергі келтірер керітартпа күштерді келекелеп көз алдымызға әкеледі. Өз көрерменін бейғам да немқұрайлы жүрмей, ел мен жер үшін белсенді күрескер болуға шақырады.

Карикатура – ащы айтылған сын. Дегенмен, Еркін Ибрагимұлы ащы шындықты астарлап, туындыларында образдар арқылы ой тудырып, болмысымыздың күнгейі мен көлеңкесін көрсете білген. Суретші «Күлкінің ар жағында мазақ емес – мазасыздану, жазғыру емес – жан ашу жатқанын жұрт түсінсе дейді. «Құлағанды тұрғызу, қирағанды бүтіндеу, жылағанды жұбату, керенауды ояту, мұңайғанды езу тартқызу – сатиралық суреттердің абзал борышы болып қала бермек»,- дейді суретші.

Көрмеге автордың 200-ден астам жұмыстары қойылады. Сонымен қатар суретші Орталық музей қорына 300-ден астам туындысын сыйға тартпақшы.

Көрме 2020 жылдың 2 наурызына дейін жалғасады.

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source